Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Танысын өлтіріп, денесін қоқыс маңына тастап кеткен ақтөбелік 14 жылға сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Сот ішімдік ішіп, адам өлтірген ақтөбелікке 2 млн теңге моральдық шығын өндіруді міндеттеді. Кінәсін мойындап, полицияға өзі барғаны ескеріліп, жеңілдететін мән-жай деп танылды. 

Танысын өлтіріп, денесін қоқыс маңына тастап кеткен ақтөбелік 14 жылға сотталды 
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 63 жастағы сотталушыға үкім шықты. Іс бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде қаралды.

— Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, полиция бөліміне өзі барған. Ал сот отырысында қасақана қазаға ұшыратқанын мойындаған жоқ. Екеуі төбелесіп қалғанын, араларында кикілжің болғанын, жәбірленуші пышақпен ұмтылғанда қайырып, ішіне кіргенін айтты. Одан кейінгі жағдай есінде жоқ. Мәйіт үйінде екі тәуліктен аса уақыт жатқан. Ешкімге хабар бермеген. Иіс шыққан соң ғана мәйіттен құтылуды ойлаған. Қыста шана тауып әкеліп, мәйітті бүктеп, аяқ-қолын скочпен орап, сөмкеге салып, ізін жасырғысы келген. Жинақталған дерекпен айып өз дәлелін тапты. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деді судья Жәнібек Сейітжапаров.

Сотталушы жәбірленуші тарапқа 2 млн теңге моральдық шығынды өтеуге міндетті. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Еске салсақ, қоқыс маңынан ер адамның денесі табылғаны жөніндегі ақпарат биыл 12 наурызда белгілі болды.

Арада бес күн өткенде күдікті ұсталды.