Танымал журналист Бауыржан Омарұлының «Қаратерең вальсі» атты жаңа кітабы жарық көрді

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Танымал журналист, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Бауыржан Омарұлының «Қаратерең вальсі» атты жаңа кітабы жарық көрді.
None
None

Қаламгердің 2011 жылы жазған эсселер мен әлеуметтік әпсаналары енген жинақ Алматы қаласындағы «Аrna-b» баспасынан шығып отыр.

Кітаптың негізгі кейіпкерлері - әйгілі Арал аймағының адамдары. Бірақ дария жағасындағы құмды ауылдың хикаяттары қазақ елінің кез келген өңірінің болмысын бедерлей алады.

Шағын кітапта автордың «Қаратерең вальсі», «Асан мен Үсен», «Құмды ауылдың киносы», «Бозбала мен бойжеткен», «Алтын балық» атты туындылары топтастырылған.

Осы шығармаларға көз жүгірткен оқырман әр адамның сағыныш сезімін оятатын туған жеріне, қызығы мен қуанышы мол балалық шағына саяхат жасағандай болады.

Ауыл мен адам, теңіз бен тағдыр, сезім мен сағыныш, өмір мен юмор - оқырманға ұсынылған публицистік туындылардың тақырыптық және мазмұндық желілері. Автор қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының тыныс-тіршілігіне өзгеше қырынан зер салады.

Жинақта ретролық сипаты басым сырлы сюжеттер мен дәйекті детальдар арқылы өрнектелген ой-тұжырымдар жеткілікті.

Оқырманға ой салатын кітаптың тілі - шұрайлы, мазмұны - терең.

Соңғы жаңалықтар