Тараз қаласының соты заңсыз салынған сауда кешенін жауып тастады

Тараз қаласының №2 соты сәрсенбі күні Қасеновтердің мемлекеттік органдарға қарасты талап-арызы бойынша шешім қабылдады. Арыз бойынша сот іске қосылған сауда-қонақ үй кешенінің пайдалануға қабылдау жөніндегі актісін заңсыз деп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, 2012 жылы жеке кәсіпкер Шыныбекова Г пішінді көпқабатты ғимараттың құрылысын бастап, ол зейнеткер Қасеновтердің үйіне жақын салынған. Ғимарат салынып бітіп, онда түрлі қызмет түрлері жүзеге асырыла бастаған соң, қарттардың тыныштығы бұзылған.
Сот мәліметтері бойынша құрылыс заң талаптарын бұза отырып жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, құрылысты жүргізу жөніндегі рұқсат құрылыс басталған соң бір жылдан кейін берілген. Сараптама екі жылдан соң жасалған. Жоспарда 2 қабат салынады деп көрсетілгенімен іс жүзінде онда 6 қабат салынған. Ал құрылыс алаңының көлемі жоспардан 5 есе артық. Қасеновтардың үйінің дуалы мен ғимаратқа дейінгі аралық небәрі 4 метр. Ғимаратта ылғи айқай-шу. Ғимарат құрылысын жүргізу кезінде де, құрлысы біткен соң онда көрсетілетін қызмет бойынша да ешқандай нормативтер сақталмаған. Сот істі нақтылау кезінде ғимаратты қабылдау актісінің жалған екендігі де анықталған.
Құрылыс компаниясы сотта ғимаратты жоспарламағандығын, құрылыспен айналыспағандығын, бірақ, Шыныбекованың өтініші бойынша қабылдау актісіне қол қойғандықтарын айтқан.
Қасеновтердің талаптары бойынша, 12 сот мәжілісі өткен. Жауапты тұлғалардың тізімінде Тараз әкімдігі, ГАСК, сәулет басқармасы, облыстық өртке қарсы күрес қызметі, әділет департаментінің өкілдері мен 6 кәсіпкер бар болған. Алайда, бұл ұйым мекеме өкілдерінің барлығы соттың шақыртуын елемеген.
Тараз соты Қасеновтердің талабы бойынша жұмыс барысында осы сияқты заңсыздықтарды ескере келе 6 қабатты ғимарат құрылын заңсыз деп тауып, зейнеткерлердің шағымдарын қанағаттандырды.