Тараз маңына қалдық тастаған кәсіпорынға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласының маңына заңсыз қалдық төккен кәсіпорынға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Жамбыл облысы Экология департаментінің мәліметінше, заң бұзушылық жергілікті тұрғынның қоршаған ортаның ластануы туралы шағымынан кейін анықталған.
Хабарлама түскен соң экология департаментінің мамандары мен табиғат қорғау полициясының қызметкерлері оқиға орнына барып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде қала маңындағы бірнеше аумақтан рұқсат етілмеген жерге төгілген қалдықтар табылды.
Ведомство таратқан фотосуреттерде сұр түсті сусымалы материалдың үйінділері бейнеленген. Ресми мәліметте оның нақты қандай қалдық екені көрсетілмегенімен, табиғат қорғау полициясы жүргізген тексеру барысында қалдықтарды орналастыруға «Агрокалибрсервис» ЖШС-нің қатысы бары анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға қатысты рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісін жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 1 081 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жамбыл облысы Экология департаменті тұрғындардың хабарламалары осындай заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтіп, қоршаған ортаның ластану фактілеріне бейжай қарамай, уәкілетті органдарға хабарлауға шақырды.
Айта кетейік, Атырауда заңсыз қоқыс үйінділері үшін 7 әкім жауапқа тартылды.