Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Таразда екі норвегиялық әйел мұрасынан айырылып қала жаздады

АСТАНА. KAZINFORM – Таразда Норвегияда тұратын екі әйел әкесінен қалған мұрадан айырылып қала жаздады. Бұған олардың сенімхаттарындағы тегі ағылшын тілінде жазылғаны себеп болған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Таразда екі норвегиялық әйел мұрасынан айырылып қала жаздады
Фото: drobotdean / Freepik

Әйелдердің әкесі 2024 жылғы қазанда қайтыс болған. Оның қайтыс болғаны туралы хабар қыздарына төрт айдан кейін ғана жеткен. Осы уақытқа дейін заңда белгіленген мұраны қабылдау мерзімі аяқталуға жақындап, қажетті құжаттарды қашықтан рәсімдеу де қиынға соққан.

Шетелде рәсімделген сенімхаттар да қосымша кедергі болған. Нотариус мұрагерлердің тегі ағылшын тілінде көрсетілгендіктен құжаттарды қабылдаудан бас тартқан. Кейін әйелдерге мұрагерлік құқығы туралы куәлік берілмеген.

Өз құқықтарын қалпына келтіру үшін олар Тараз қалалық сотына талап арызбен жүгінген.

Істі қарау барысында сот талап қоюшылардың бірінші кезектегі мұрагерлер екенін анықтады. Олармен бірге әкесінің мүлкіне үшінші қызы да үміткер болған. Осы кезектегі басқа мұрагерлер болмаған.

Сонымен қатар мұраға қатысты отбасы ішінде дау туындамаған. Үшінші қызы әпкелерінің талабын толық қолдап, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге қарсы болмаған.

Сот әйелдердің тұрақты түрде шетелде тұратынын, әкесінің қайтыс болғаны туралы дер кезінде хабар алмағанын және құжаттарды рәсімдеу кезінде объективті қиындықтарға тап болғанын ескеріп, бұл мән-жайларды дәлелді себеп деп таныды.

Нәтижесінде сот мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіріп, әйелдерді әкесінің мұрасын қабылдаған мұрагерлер деп таныды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетсек, бұған дейін мүгедектікті рәсімдеу үшін қандай құжаттар қажет және қандай талаптар бар екенін жаздық.