Таразда Шавкат Рахмоновтың зайыбына қатысты сот қарауы басталды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Айыптаушы тарап әйелді жол-көлік оқиғасында екі адамның мерт болуына кінәлі деп санайды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Таразда Гүлайым Рахмонованың қатысуымен адамдар өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы ісі бойынша сот қарауы басталды. Отырыс барысында прокурор айыптауды жариялап, апат болған күні сотталушының әпкесі, ұлы және досымен жолда келе жатқанын хабарлады. Айыптау тарапының мәліметінше, ол көлікті түні бойы жүргізіп, қатты шаршағанына қарамастан рульді басқа жүргізушіге бермеген.
Еске салсақ, биыл 27 шілдеде сағат 08:50–де «Алматы-Екатеринбург» республикалық маңызы бар автожолының 299 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды.
Алматыға бара жатқан «Toyota Land Cruiser 200» маркалы көлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылған. Жол-көлік оқиғасынан екі адам қайтыс болды. Сонымен қатар, осы жол апатынан кейін Шавкат Рахмоновтың зайыбы мен ұлы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауында болды.
Бастапқыда Шавкат Рахмоновтың зайыбы Гүлайым Рахмонова тергеу материалдарында қорғану құқығы бар куәгер ретінде көрсетілген. Алайда кейін әйел сотталушылар қатарында болды.
2025 жылдың қарашасында Рахмоновтың зайыбы тізгіндеген көлік апатына қатысты тергеу аяқталуға жақындағанын жаздық.