Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тараздық тәртіп сақшылары ел тыныштығын күзеткен батырларға құрмет көрсетті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздықтар соғыс және бейбіт заманның батырларына құран бағыштап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тараздық тәртіп сақшылары ел тыныштығын күзеткен батырларға құрмет көрсетті

Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті өкілдерінің хабарлауынша, «Мәңгілік құрмет» шарасы департаменттің 

басшылығы мен ардагерлер кеңесінің бастамашылығымен ұйымдастырылған. Шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың қайтыс болғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған.

Оның барысында осы шараға жиналған халық Ұлы Отан соғысында мерт болған және тыл еңбеккерлері мен бейбіт заманда ел тыныштығы үшін жанын қиған тәртіп сақшыларын еске алды.

Шараның ашылу рәсіміне ішкі істер органының ардагерлері, дүниеден өткен тәртіп сақшыларының жақындары, Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің жеке құрамы қатысты.

«Полиция мен милиция қызметкерлері қазақстандық қоғамның тыныштығы үшін өздерінің өмірлерін беруге мәжбүр болды. Бүгінгідей Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында біз өзіміздің жолдастарымызды еске аламыз. 29 тәртіп сақшысы өзгелердің өмірі үшін жанын берді. Олардың ерліктері біздің жадымызда батырлық пен өз қызметіне деген адалдықтың үлгісі ретінде қалады. Солардың бірі біздің жерлесіміз, полиция капитаны Ғазиз Байтасов - террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза болды. Ол еліміз бойынша «Халық Қаһарманы» сияқты жоғары дәрежелі атаққа ие болған бірінші және әзірге жалғыз полиция қызметкері»,-деді Жамбыл облысы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е.Егембердиев.

Осы жалынды сөздерден соң бақилық болған азаматтарға құран бағышталып, шараға жиналған қонақтарға арналып дастархан жайылды. ҰОС-на қатысқан ардагер азаматтардың туыстарына соғыс ардагерлері туралы «Естелік кітап» табыс етілді. Сондай-ақ волейбол, футбол, сияқты ойындардан және қазақша күрестен жарыс ұйымдастырылды. Жарыстардың жеңімпаздары арнайы дипломдар мен сыйлықтарды иеленді.