Тарифтерде теміржол желісін дамытуға қаражат қарастырылмаған - ҚТЖ
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол көлігімен жүк тасымалдау тарифтерін қайта қарастыру жоспарына қатысты түсінік берді.

- «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның магистральдық желі (МТЖ) және локомотивтік күші қызметтеріне тарифтердің қолданыстағы деңгейі ағымдағы шығындарды өтемейді және теміржол инфрақұрылымын тиісінше қолдауға бағытталған инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын толық көлемде қаржыландырмайды. Тарифтерде теміржол желісін дамыту үшін қаражат қарастырылмаған. ҚР Көлік министрінің бұйрығымен бекітілген Теміржол көлігін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген магистральдық желіні жаңғырту және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру үшін қаражат жоқ. Тарифтерді мемлекеттік уәкілетті орган реттейді. Қатаң реттеу кросс-субсидиялаудың күрделі жүйесіне әкелді, - делінген компанияның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұл тұрғыда ҚТЖ қолданыстағы реттелетін тарифтер тиімсіз саналатынын, бұл жағдай теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға жеке инвестициялар тартуға кедергі екенін хабарлады.
- 2020-2023 жылдардағы мемлекеттік аудит нәтижелеріне сәйкес, жүктерді тасымалдау бойынша қолданыстағы тариф компанияға 907 млрд теңге шығын әкелді. Қазақстан Үкіметі «ҚТЖ» ҰК» АҚ реттелетін тарифтерінің деңгейін 2024-2026 жылдар кезеңінде жыл сайын 24 пайызға кезең-кезеңімен ұлғайтуды мақұлдады. Бұл іс-шаралар теміржол инфрақұрылымын тиісті жағдайда ұстап тұруға және желінің өткізу қабілетін кеңейтуге бағытталған ауқымды жобалардың іске асырылуын ескере отырып, компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін тиімділік деңгейіне дейін тарифтерді жеткізуге бағытталған, - деп аталып өткен компания ақпаратында.
Еске салсақ, былтыр Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» компаниясының неліктен қарызға батқанын түсіндірді.