Тарих сабақтарын түрлі елдер халықтарының бірлігі үшін пайдалану қажет - Ресей елшісі
Бұл пікірді Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарников Қазақстан халқы Ассамблеясы мен АЛЖИР мұражайы әзірлеген «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» атты кітаптың таныстырылымы барысында білдірді.
Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы достық пен ынтымақтастықтың шынайы үлгісін көрсетіп, тығыз байланыста өрбіп келе жатқандығын айтқан М.Бочарников, «бүгінгі таңда біздің елдеріміз демократиялық үдерістерде дамып келеді және тоталитарлықтың өткеніне қайда оралудың еш алғышарттары жоқ. Бұл орайда елді дұрыс жолмен алып келе жатқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты мен беделі үлкен роль атқарады», деді.
Сонымен қатар Ресей елшісі сталиндік қуғын-сүргін сол кезеңдегі алып мемлекеттің құрамына кірген барлық халықтың тағдырларына тікелей әсер еткендігін атап өтті. Тоталитарлық жүйенің құрбандарына арналған шаралардың, оның ішінде «Тарих тұтастығы мен еуропалық кеңістік халықтарының топтасуы» атты тақырыптағы халықаралық «дөңгелек үстелдің» маңыздылығына тоқталды.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мамырдың 31-і - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізген шаралардың жалғасы өткен сенбіде, елорда түбіндегі Ақмол елді мекенінде орналасқан АЛЖИР мемориалды мұражай кешенінде жалғасқан болатын. Шараға сол бір зұлмат жылдарда қылышынан қан тамған сталиндік қуғын-сүргінді көрген жандардың ұрпақтары, отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар қатысты.