Тарихтағы ең дүлей дауыл: «Мелисса» дауылынан Ямайкада адам шығыны тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — «Мелисса» жылдамдығы сағатына 140 мильге (шамамен 225 шақырым) жететін төртінші санаттағы дауылға дейін күшейді. Сарапшылардың болжауынша, ол Ямайкада бұрын-соңды тіркелген ең күшті дауыл болуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform NBC News агенттігіне сілтеме жасап.
Дереккөз мәліметінше, қазіргі уақытта кемінде төрт адамның қаза тапқаны расталды. Метеорологтар Ямайка, Гаити және Доминикан Республикасы аумағында апатқа алып келер су тасқыны мен лай көшкіндері болуы мүмкін екенін ескертті.
Синоптиктердің хабарлауынша, дүйсенбі немесе сейсенбі күні дауыл Ямайкадан өтіп, одан әрі Куба бағытында жылжуы ықтимал. Алдағы 48 сағатта «Мелисса» бесінші санаттағы дауылға дейін күшейіп, желдің жылдамдығы сағатына 157 мильге жетуі мүмкін.
Ямайка билігі төтенше жағдай қызметтерін толықтай жұмылдырды. Аралдағы барлық әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды. Үкімет тұрғындарды аса сақ болуға және дауыл кезінде көшеге шықпауға шақырды.
Дауыл салдарынан Доминикан Республикасында 500 мыңнан астам адам ауызсусыз қалды. Бұған құлаған ағаштар мен зақымданған инфрақұрылым себеп болған.
Гаити мен Доминикан Республикасында адам шығыны мен эвакуация жағдайлары тіркелді. Ал Кубаның шығыс жағалауынан 145 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Сондай-ақ Гуантанамо-Бэй әскери базасындағы персоналды эвакуациялауға дайындық шаралары қолға алынды.
Еске сала кетейік, Филиппиндегі дүлей дауылдан 8 адам қаза тапқан еді. Ал Испанияда «Алиса» дауылының салдарынан ондаған үй су астында қалды.
Сондай-ақ жуырда Батыс Еуропаға «метеобомба» қаупі төніп келе жатқанын жазғанбыз.