Тарихты жіті түсінбей тұрып, Азияны жаңғыртуға қарай бет бұру мүмкін емес ? Д. Қалетаев
АСТАНА. Наурыздың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тарихты жіті түсінбей тұрып, Азияны жаңғыртуға қарай бет бұру мүмкін емес. Бүгін елордада өтіп жатқан Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 10-шы отырысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржылық жүйені жаңғыртудың парадигмасы жайында әңгіме болғанда, ең алдымен Азияның дүниетанымдық қырларына, құрлықтық жаңару мәселесіне тоқталған орынды деп санаймын. Менің ойымша, бүгінгі қиыншылықтарға мойынсынып отыра беруге, Азияның кедей, артта қалған құрлық ретіндегі сипатымен келісе беруге болмайды. Егер біз Азияны басқа қырынан танытқымыз келсе, құрмет пен қошеметке лайықты мемлекеттер тұрғысынан көргіміз келсе, онда біз қалыптасқан менсінбеушілікті күйретіп, өз күшімізге сенбеушілікті жойып, ескі ойлау инерциясынан арылуға тиіспіз. Түптеп келгенде Азия өзінің ұлылығына мыңдаған адамдардың, көптеген ұрпақтың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізді. Мұндай қажымас еңбекті бүгінгі өмір сүріп отырған толқын жалғастыра түскені абзал. Сонда ғана Азия гүлденіп, тұрақтылық мекеніне айналады», - деді Д. Қалетаев. Оның айтуынша, бұл бағытта өңірлік мемлекеттер жалпы тарихқа көз жүгірте отырып, дәуірдің жаңа парақтарына жоспарлар әзірлеуі тиіс. «Біздерді біріктіріп тұрған өз тарихымызды жіті түсінбей тұрып, жаңғырған Азияға қарай бет бұру мүмкін емес, әрі тарихты түсінбеу бұрыннан қаланып қойған сапалы іргетастан ажырап қалумен бірдей», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.