Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Tarlan Astana станцияларында 10 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы Tarlan Astana LRT станцияларында қоғамдық тәртіпті сақтау және жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар күшейтілді.

LRT
Фото: Abu Dhabi Plaza

Көлік прокуратурасы мен көлік полициясының қызметкерлері бірлесіп, станцияларда жолаушыларға қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін түсіндіріп, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы ақпарат беріп жатыр.

— Сонымен қатар азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып жатыр, — делінген Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Tarlan Astana іске қосылғаннан бері барлық станция мен пойызда көлік полициясының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып келеді. Осы кезеңде жолаушылардан түскен 34 өтініш қаралып, 10 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материал рәсімделген.

Бұдан бөлек, қызметкерлер жолаушылар жоғалтып алған 113-тен астам затты иелеріне қайтарды. Олардың арасында ұялы телефондар, сөмкелер және басқа да жеке заттар бар.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жол ережесін бұзған 19 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылғанын хабарлаған едік.