Ташкент пен Будапешт өзбек АЭС-іне салқындату жүйесін енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкент қаласында Өзбекстан мен Мажарстан арасында келіссөз жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ташкент пен Будапешт өзбек АЭС-іне салқындату жүйесін енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр
Фото: Uzatom агенттігі

Оған Uzatom агенттігінің басшылығы, Мажарстан Сыртқы істер және сауда министрлігінің өкілдері, сондай-ақ бірнеше компанияның жеткшілері қатысып жатыр. Келіссөзде тараптар АЭС-ке қажетті құрғақ салқындату жүйесін құрастыру және оны Өзбекстанға жеткізу мәселелерін талқылап жатыр.

- Өзбек тарапы өндірісті ел аумағына орналастыруға ерекше назар аударады. Атап айтқанда, еркін экономикалық аймақта бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігі зерделеніп жатыр. Бұл өз кезегінде Өзбекстанның аталған жобадағы үлесін арттырып, өңірдің өнеркәсіптік дамуына жол ашады, - делінген Uzatom агенттігінің хабарламасында.

Сондай-ақ кездесуде жауапты орган басшылары кадр даярлау мәселесіне де тоқталды. Бұл ретте MVM EGI Zrt. компаниясының өкілдері өзбекстандық мамандардың біліктілігін арттыруға көмек көрсетпек.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан АЭС-ке қажетті салқындату жүйесін Мажарстаннан алатынын жазып едік.

Сонымен қатар Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұған қоса, қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты - 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында «Alter ego» ютуб арнасына сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев АЭС-тің құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.

Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.

Сондай-ақ АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.

Соңғы жаңалықтар