Ташкентте ауаны ластаған 100-ден астам нысанның жұмысы тоқтатылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президентінің жарлығымен құрылған арнайы комиссия ауаны ластап жатқан Ташкент қаласы мен оған іргелес аумақтардағы нысандарға тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Экология комитетінің мәліметінше, 24 қарашадан бастап жедел топ мүшелері 1 449 жылыжайға рейд жүргізді. Тиісінше, 67 нысанның жұмысы тоқтатылып, 403 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, Ташкентте 6,3 гектар аумақты қамтып жатқан 53 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, олардың 34-і жұмысын уақытша тоқтатты. Бұған қоса, ауаны ластап жатқан ғимараттарды тұрғызып жатқан 188 адам әкімшілік жауапқа тартылды.

Мұнымен бірге, жүктің бетін жаппай тасымалдап, көшеде шаң көтерген 837 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ташкент қаласында ауа сапасы нашарлап барады. Атап айтқанда, бүгін ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен стандарттан 41 есе асып түсті. Экологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Өзбекстан билігі шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. 25 қарашада ел президенті Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Ташкенттегі ауа сапасын жақсарту бағытындағы жобаларды іске асыратын арнайы комиссия құрылды.

Соңғы жаңалықтар