Ташкентте Орталық Азиядағы шекараларды басқару мәселелері талқылануда
ТАШКЕНТ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Бүгін Өзбекстан астанасында Шекаралардың қауіпсіздігі жөніндегі Орталық Азия бастамалары конференциясы жұмысын бастады.
Бұл шара «Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу» ЕО/БҰҰ Даму бағдарламасы ауқымында ұйымдастырылып отыр.
Оның барысында басқа да маңызды мәселелермен қатар қатысушылар шекараларды кешенді басқару әдістемесін, шекараларды басқару стратегиясын, шекараларды кешенді басқаруға оқыту стандарттарын және Орталық Азия елдеріндегі екіжақты ынтымақтастықты талқылайды.
Бұл конференция сегізінші рет өткізілуде және Финляндияны,Францияны, Германияны, Польшаны, Эстонияны, Латвияны, Хорватияны, Венгрияны және Ұлыбританияны қоса алғанда, ЕО мүше-елдерімен бірге, сондай-ақ әріптес ретінде АҚШ-ты, Еуропалық комиссияны, БҰҰ Даму бағдарламасын және басқа да халықаралық ұйымдарды орталыақзиялық аймақ елдерімен біріктіреді. Биылғы конференцияға Австрия басшылық етуде.
Конференцияға ЕҚЫҰ, БҰҰ, Ресей, АҚШ, Қытай өкілдерін қоса алғанда, Орталық Азия мен Еуропа елдерінен 100-ден астам делегат қатысуда.
Шарада Өзбекстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Бахтиер Исламов, Австрия ІІМ қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі бас директоры Герберт Андерль, Еуроодақтың Орталық Азия үшін арнайы өкілі Пьер Морел және басқалар сөз сөйледі. Баяндамашылар шекаралардың инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру және мүдделі қызметтер үшін кадрлар даярлау қажеттігін атап өтті.
Қазақстаннан осы семинарға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің және Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бірінші басшылары қатысуда.