Ташкентте өткізілген ҚР мен ӨР сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультацияларда Астанадағы алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысы талқыланды

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан - Өзбекстан астанасы Ташкентте жұма, 5 қарашада екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының орынбасарлары деңгейінде қазақстан-өзбек сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өтті,

Ташкентте өткізілген ҚР мен ӨР сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультацияларда Астанадағы алдағы ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысы талқыланды

деп хабарлады Өзбекстан Республикасындағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.

ҚазАқпарат осыған дейін хабарлағандай, келіссөздерде Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай өкілдік етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстанның Президенті Ислам Каримовтің осы жылы Ташкентте өткен кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесін қозғай отырып, тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың кең ауқымды күн тәртібін талқыға салды.

Әңгімелесуші тараптар 1-2 желтоқсан аралығында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысын және оның мазмұнын толықтыру жағын қарастырды. Тараптар ЕҚЫҰ жоғары кездесулерінің аясында талқыланатын қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікке, экстремизмге және есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары бір екендігін жеткізді. Аталған консультациялар жоғары кездесулер алдындағы өзіндік «уақыт салыстыру» болып табылады және Астана мен Ташкенттің келісілген ұстанымдарын ойластыруда, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ортақ аймақтық мүдделерді ескере отырып мәмілелік кеңістікті нығайтуда ерекше маңызға ие.

Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар Қазақстан мен Өзбекстан халықтары арасындағы қарқынды дамып келе жатқан ағайындық қатынастар бұдан кейін де бүкіл Орталық Азия аумағының тұрақты әрі ширақ дамуына негіз болатынына сенім білдірді.