Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ташкентте Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ташкентте "Орталық Азия: ядролық қарудан азат аймақ" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ташкентте Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған дөңгелек үстел өтті

ҚР-ның Өзбекстандағы елшілігі Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтымен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне және Орталық Азиядағы ядролық қарудан ада аймақ туралы шартқа арналды. ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин өз сөзінде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы дәйекті саясатын, Астананың ядросыз әлем құруға берік ұмтылысын атап өтті.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшылары: саяси ғалымдар докторы Санат Көшкімбаев пен аға ғылыми қызметкер Дәурен Әбен, сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Жавлон Вахабов қатысты. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ Өзбекстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Өзбекстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, Өзбекстанның ғылыми-зерттеу, білім және қоғамдық-саяси топтарының сарапшылары қатысты.

Дөңгелек үстелде әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болған Қазақстанның халықаралық бастамалары аталып өтті. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамыздың Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммитте айтқан Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын қабылдау жөніндегі ұсынысы. Біздің Мемлекет басшысының 2012 жылғы 29 тамызда Астанада өткен "Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге" халықаралық парламенттік конференцияда АТОМ халықаралық жобасын іске қосуы.

Дөңгелек үстел отырысы барысында сөйлеушілер ядролық қаруды таратпау режимін одан әрі нығайту үшін күш-жігерді топтастыру қажеттігі жөнінде бірауызды пікірде болды, әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды компоненті ретінде Орталық Азияда ядросыз әлемді сақтаудың өзектілігі жөнінде айтты.

ӨР Президенті жанындағы Стартегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының, Өзбекстанның әлемдік экономика және дипломатия университетінің ғылыми қызметкерлері ядролық қаруларды таратпау режимін қамтамасыз етудегі Өзбекстанның үлесін және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Шартты және Ядролық қаруды таратпау туралы шартты тиімді жүзеге асыруда қазақ-өзбек өзара іс-қимылын одан әрі тереңдету перспективаларын атап көрсетті.