Тасқын зардабын жоюға Үкіметтен 19,2 млрд теңге сұрап отырмыз — Асхат Шахаров

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбеде су тасқынының салдарын жоюға 66,2 млрд теңге жұмсалады. Мұнда тұрғын үй салумен қатар, мектеп, спорт кешені мен жол жөндеу жұмыстары да бар.

шахаров
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде су тасқыны кезінде 4 мыңнан астам отбасы зардап шексе, олардың мыңнан астамында үйі жарамсыз болып қалды.

Қазір 511 үй салынып жатыр.

Ақтөбе облысы мәслихат депутаттарының алдында жарты жылдықты қорытындылаған Асхат Шахаров шығын көлемі мен атқарылған жұмысты айтып берді. 

— Жыл басында үлкен қиындыққа тап болдық. Апат айтып келмейді. Президенттің тапсырмасы бойынша біз алдымен апатқа төтеп беру жұмысын жүргіздік. Қазір қалпына келтіру жұмысы атқарылып жатыр. Облыста 4 мыңнан астам отбасы зардап шекті. 511 үй салынып жатыр. 400-ден астам отбасы дайын үй сатып алды. Жұмыс жалғасады. Жалпы су тасқынының салдарын жоюға 66,2 млрд теңге қажет. Демеушілердің, бюджеттің көмегімен жұмыс атқарылып жатыр. Ал инфрақұрылым, соның ішінде бөгет жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаржы республикадан сұралды. Жалпы республикалық бюджеттен, Үкіметтің резервінен 19,2 млрд теңге сұрап отырмыз. Қолдау бар. Бастапқы қаржы келді. 1 млрд теңге су тасқыны кезінде задап шеккен бизнес нысандарының шығынын өтеуге бағытталып отыр, — деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Ал 3500 отбасының материалдық залалын өтеу үшін бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге 4500 отбасының бәрі біржолғы төлем алды. 

— 4500-ге жуық мал басы шығынын өтеу үшін бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Бұл бағытта бірнеше жұмыс атқарылды. Тіркеу базасында бар, сырғасы бар, өлесексі бар адамдар алдымен шығынын өтеп алды. Сонымен бірге куәгерлер болса, шығынын комиссияға дәлелдесе біз бюджеттен тыс қаржы дайындап қойдық. Бүгінгі күні инфрақұрылымды жобалау, сараптау, салу жөніндегі іс шара бекіді. Бұл жұмыстарға 36 миллард теңге бөлініп отыр. 2 денсаулық сақтау, 13 білім беру, 3 мәдениет, 2 спорт нысандары мен 47 шақырым жол қалпына келтіріледі. Сонымен бірге көпірлер мен жолға құбыр салу, бөгет құрылысы жүріп жатыр, — деді Асхат Шахаров.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы әкімдігі мен Отбасы банк бірлесіп 1,5 млрд теңге бөледі. Оған 100 отбасының баспана алуына мүмкіндік жасалады. 

Соңғы жаңалықтар