Tasnim: Иран зымырандарын ұшыруға дайындап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Иран көптеген зымыранын жауынгерлік әзірлік жағдайына келтіріп, Израиль жауап соққы жасаған жағдайда керек болар нысаналардың кеңейтілген тізімін дайындады. Бұл туралы Tasnim агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Иран
Фото: Anadolu

Оның айтуынша, Израиль жауап қайтарған жағдайда Иран ауқымды соғыс бастауға дайын.

– Қазіргі уақытта көптеген зымыран ұшыруға дайын тұр, – деді агенттік дереккөзі.

Бұған дейін Израиль қорғаныс армиясының баспасөз қызметі әскери күштердің Иран аумағынан зымырандар ұшырылғанын тіркегенін хабарлады.

Ал Израильдің мемлекеттік Kan телерадио компаниясы Израильдің өз аумағына жасалған зымырандық шабуылға жауап қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Иранның жоғарғы көшбасшысының әскери кеңесшісі Мохсен Резаинің сөзінше, бұл шабуыл Израильді Бейрутқа соққы беруді тоқтатуға шақырған ескерту ғана болған.

Айта кетейік, кеше Иран Израильдің солтүстігіне зымырандар ұшырғанын жаздық.