Татарстан президенті Р.Минниханов II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды
Елші Р.Миннихановтың Қазақстан мен Татарстан арасындағы шекаралық ынтымақтастықты, экономикалық интеграцияны кеңейтуге, мәдени байланыстарды орнатуға ауқымды үлес қосқанын атап өтті.
«Татарстанда сіздің басшылығыңызбен конфессияаралық және ұлтаралық бейбітшілікті және толеранттылықты қолдау, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау және азаматтарды ұлтына, дініне бөлмей, олардың әлеуетін жан-жақты дамыту бойынша ауқымды да тиімді жұмыстар жүргізілуде», - деді Татарстан басшысына М.Тәжин.
Өз кезегінде Р.Минниханов Татарстан мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасында белсенді ынтымақтастық орнағанын атап өтті.
«Қазақстан Республикасының жоғары наградасы келешекте атқарылатын жұмыстарымызға серпін берері сөзсіз. Меніңше, біздің ата-бабаларымыз қарым-қатынастарымыздың тарихи негізін қалап қойған», - деді ол.
Р.Минниханов еңбегін жоғары бағалағаны үшін Қазақстан басшысына ерекше алғыс сезімін білдірді.
«Қазақстан көшбасшысы - әлемде зор бедел мен құрметке ие болған ерекше жан. Қазақстанның гүлдене беретініне біз сенімдіміз, Татарстан осы үдерісте оған белсенді өз үлесін қоса бермек», - деді ол.
Екіжақты кездесу шеңберінде тараптар Қазақстан мен Татарстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту туралы пікірлерімен алмасты.
Айта кетейік, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Р.Минниханов «Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін» II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.