ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ: Егемендік туралы декларация - тек ниет қана

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтетін боламыз. Еліміз үшін осынау ұлық мерейтойды мерекелеу аясында республика бойынша ұлттық идеологияны насихаттауға және қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының танымалдығын арттырып, тарату және мемлекетіміздің жаңа тарихына қатысты деректерді насихаттау бағытында ауқымды шаралардың да қолға алынып отырғандығы белгілі.

ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ: Егемендік туралы декларация - тек ниет қана

Бұл ретте жаңа қазақ мемлекетін қалыптасыру жолындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлттың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жалпыға танылған рөлі айрықша қызығушылық туындататындығы сөзсіз. Әсіресе, ширек ғасыр өткеннен кейін Мемлекет басшысының елді дамыту келешегіне қатысты стратегиялық көзқарасын және оның дұрыстығы өмірдің өзі дәлелдегендігін ой елегінен өткізу де өзекті.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлттың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетіміздің қалыптасуы жолының түрлі кезеңдеріне жазған бірқатар кітабының негізгі мазмұнымен және Мемлекет басшысы жайында өзге авторлар жазған еңбектермен өз оқырмандарын таныстыруды бастайды.

***

Бүгінгі оқырманға 90-шы жылдың ортасына дейін соңғы күндерін өткізіп жатқан КСРО-ның құрамында болған Қазақстан дамуының зайырлы жолының ең бастау сәті қызықтыратындығы  рас. Ал Елбасының «Тәуелсіздіктің бес жылдығы» деп аталатын баяндамалар, сөз сөйлеулер мен мақалалар жинақталған кітабы егемендігіміздің елең алаңын, нақты айтқанда 1991-1996 жылдар аралығын қамтиды.

«Сол күні, яғни тамыздың 19-ында Янаев телефон соқты. Тегінде, РСФСР басшылығының белсенді қарсылығына, Москвадағы шиеленістің күшейе түсуіне байланысты аландаған ол біздің қолдауымызға үміт артуға тырысқан болса керек. Тіпті мені басқа республикаларда өзі басқаратын комитетке адал қарайды дегенге сендіріп, тура теріс хабарлама беруге барды (айтпақшы, ол белгілі баспасөз конференциясында да осындай теріс хабарлама жасады). Мен Янаевқа ол құрған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет және КСРО Президенті міндетін атқарушы міндетін өз мойнына алуы заңсыз екенін тура айттым, КСРО Конституциясын тікелей бұзып отырғаныңызды түсінесіз бе деп сұрадым? Жалған атақты малданған "Отанды құтқарушы" жағдай конституциялық нормаларға толық сай келетін іс-қимыл жасауға мүмкіндік бермейді, кейін, былайша айтқанда, біраз күн өткен соң КСРО Жоғарғы Советі мұның бәрін заңдастырады деген мағынада пікірін арсыздықпен ашық айтты. Мұндай жауаптан кейін бүлікшілердің шын ниеті жөнінде менің жеке басымда ешқандай күдік қалған жоқ. Біз оқиғаларға өзіміздің принципті бағамызды бейнелейтін Мәлімдеме әзірлеуге шұғыл кірістік. Өздеріңіз білесіздер, ол тамыздың 20-сында жарияланды.

Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет мүшелері дереу іс-қимылға басты. Республикаға телефон соғу тоқтатылды. Орталық телевизия мен газеттерге менің Мәлімдемемді ешбір жағдайда жарияламау жөнінде әмір түсті. Алайда біздің аузымызға қақпақ қоюдың сәті түспеді. Біздің баспасөз қызметіміз әртүрлі бұқаралық хабарлама құралдарына, оның ішінде шетелдік хабарлама құралдарына тексті жедел түрде бере білді. Қазақстанның кесімді сөзін бүкіл дүниежүзі естіді.

Бұл аталған кітаптың ең бастапқы беттерінен үзінді. Онда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 1991 жылдың 26 тамызында өткен сессиясындағы Президенттің баяндамасы да қоса берілген.

Әрине, бүгінгі жастар үшін Янаевтың кім екендігі, Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитеттің не екендігі және оның КСРО Конституциясын неліктен бұзғандығы беймәлім, түсініксіз екендігі белгілі. Дегенмен, сол бір қиын-қыстау кезеңнің тарихына қызығушылық танытқан кез-келген адам бұл жайтқа қатысты материалдарды Интернеттен тез-ақ тауып алады. Осы орайда сол уақытта Кеңес одағының құрамында болған Қазақстан одақ басшылығының консервативті пиғылдағы бір бөлігінің барлық республикаларды орталықтың ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға тырысқан арам пиғылына ашық қарсы шыға алған, мығым ұстанымы бар басшысы болғандығын атап өткен өте маңызды. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет өз дегендеріне жетіп, ойлаған істерін толық көлемде жүзеге асыра алған жағдайда біз бүгінгі күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын атап өте де алмас едік.

Иә, Н.Назарбаевты сол бір саяси жағдай аса күрделі кезеңде Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет жеңіске жеткен жағдайда этносаралық қақтығыстартың орын алып, республикадағы жағдай тұрақсыздану ықтималдығы қатты алаңдатқан еді. Тіпті, Төтенше комитет жеңіске жетпегеннің өзінде жоғарыдан жасалған қысымның өзі-ақ барлық ұлттық республикалардың халқы қатты алаңдатып, көпшілігі бұрынғы тәртіптің үстемдік жасағандығын қалай бастаған болатын.

«Егеменді республиканың Президенті ретінде мен ең алдымен нақ біздің территориядағы тұрақтылықтың сақталуы жөнінде қам-қарекет жасадым, өзімнің ең басты міндетім әскерлерді енгізу үшін сылтау беретін қандай да болсын жанжалдардың тууына жол бермеуде деп білдім. Ал мұндай қауіптің, өздеріңіз де түсініп отырсыздар, болуы мүмкін еді. Төтенше жағдай республикада енгізілмейтінін және Қазақ КСР Конституциясына сәйкес бүкіл өкімет билігі түгелімен жергілікті жерлердегі Кеңес органдарына тиесілі екенін жарияладым. Мен демократия принциптеріне өзімнің адалдығымды және басталған реформаны жүргізуге бекемдігімді қуаттадым. Оқиғалардың бұдан былайғы өрбуі біздің іс-қимылдарымыздың дұрыстығын, біз таңдаған, барлық ықтимал мән-жайлар ескерілген сарабдал айқындаманың өте-мөте дұрыстығын дәлелдеді», - деп жазады Президент.

Қазақстан Көшбасшысы өзінің осы сөз сөйлеуі кезінде тағы бір терең ойдың ұшығын шығарған еді: «Өткен жылдың өзінде де, республиканың Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны қабылдаудың алдында, мен Декларацияның - оның тек ниет болып табылатынын талай рет айтқан болатынмын. Біздің дербестігіміз нақты мазмұнмен толығуы үшін нақты нәтижелер қажет. Ал олар қазір әзірше өте аз. Мүмкін біз экономикалық жобаларды талдап жасау саласында ілгерілеп кеткен шығармыз, алайда оларды жүзеге асыру үшін ештеңе де істелген жоқ. Оған объективті себептердің болғаны да сөзсіз. Ең бастысы - бұл Одақтық шарттың, жергілікті жерлерде толық экономикалық дербестіктің, сондай-ақ республикалар мен орталықтың арасындағы функциялар мен меншіктің ара-жігін ажырату мәселесінде айқындықтың болмауы».

Президент республика егемендігінің бірде-бір, тіпті ең ересен ережесі де өздігінен оң нәтиже бере қоймайтындығын атап өткен. Бұл орайда атқарушы өкімет органдарының әзірленген экономикалық саясатты нақты іске асыру жөніндегі күн сайынғы қауырт жұмысы қажеттігін баса айтады.

Естеріңізге сала кетсек, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстанда алғаш рет Президенттік сайлау өтті. Оған дейін, нақты айтқанда, 1990 жылдың сәуірінде жаңадан бекітілген Қазақ КСР Президентінің лауазымына Республика Жоғарғы кеңесінің отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев сайланған-ды. 1991 жылғы сайлау шын мәнінде тағдыршешті мәнге ие болды. Өйткені, жалпы халық сайлаған Президент барынша заңды Мемлекет басшысы саналады.

Бұл басылымда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 1991 жылдың 10 желтоқсанда болған салтанатты мәжілісінде Қазақ КСР Президенті қызметіне кірісуге байланысты сөйленген сөзі де берілген.

«Тарихтың даңғыл жолынан Қазақстан да шет қалған жоқ. Оның ежелгі жерінде көптеген мемлекеттік құрылымдар өмір сүріп, олар да адамдар сияқты басынан балалық, жастық, кәмелеттік дәуірлерді өткізіп, құлдырау және күлден қайта бой көтеру дәуірлерін бастан кешірді. Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын - өркениетті демократиялық қоғамды таңдап алды.

Бізге шын мәнінде өмірдің бүкіл әлеуметтік- экономикалық укладын түбегейлі түрде ауыстыру міндеті тұр. Ал ол, тарих айқын танытқанындай, тек бірыңғай идеямен ғана, сол үшін адамдар уақытша қиындықтарға, тіпті жекелеген сәтсіздіктерте дайын болу ниеті итермелеген қоғамда ғана ойдағыдай өтеді.

Біз үшін бұл идея - еркін егеменді демократиялық Қазақстан мемлекеті. Республика азаматтары қазақтың мың жылдық тарихында тұңғыш рет өз Президентін бүкіл халық болып сайлай отырып, сол үшін желтоқсанның 1-інде дауыс берген болатын. Егемендік туралы айтқанда мен Қазақстан тұйықталған система болуға дайындалып жатыр дегенді айтып тұрғаным жоқ. Мұның өзі саяси және экономикалық дербестікті жүзеге асыру мүмкіндіктеріне зиянды әсер ететіні айқын болар еді.

Қазақстанның мұндай жағдайының бірегейлігі мен қайталанбастығын XVIII ғасырдың ортасында бөлшектелген Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіріп, іргелес жатқан мемлекеттермен тату көршілік қатынастарды жолға қоя білген кемеңгер Абылай түсінген болатын. Мұны оның ісін жалғастырған кейінгі ұрпақтар да түсінді.

Бізге бірінші кезекте қандай шаралар қолдану қажет?

Саясатта - билікті айқын бөлумен байланысты қадамдар, көлбеу президенттік құрылымдар құру, ал ол атқару органдарын басқарудың үйлесімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді.

Бұл - депутаттық корпус пен жергілікті кеңестердің далиып кеткен аппаратын біршама қысқарту қажеттігіне байланысты республика Жоғарғы Кеңесін кәсіптік парламент етіп объективті түрде қалыптастыру.

Бұл - саяси пікір алуандығына қолдау көрсете отырып, республиканың территориялық тұтастығына қарсы бағытталған экстремизм мен ұлттық дүрдараздықты, жікшілдікті уағыздаушы партиялар мен қозғалыстардың қызметіне сөзсіз тыйым салу.

Бұл - право тәртібін нығайту мен заңдылықты сақтау жөніндегі батыл іс-әрекеттер.

Бұл - барлық қазақстандықтар қүқығының теңдігі негізінде ұлтаралық келісімді сақтау, мемлекеттік саясаттың іргелі принципі ретінде саяси тұрақтылықтың басымдығы.

Осындай саяси іргетассыз Қазақстанды қазіргі заманғы өркениеттің арнасына қосу, бағаны бейтараптандыруды, қаржы жағынан сауықтыруды, жекешелендіруді, нарықтық инфрақұрылым құруды, меншіктің барлық түрлерінің тең құқықтығын көздейтін терең экономикалық өзгерістерді жүзеге асыру мүмкін емес. Ұжымдық және жеке кәсіпкерлік жолындағы кез-келген бюрократтық бөгетті жою маңызды, ал олар экономикалық гүлденудің басты қозғаушыларының бірі болуы керек», - деді Мемлекет  басшысы.

Көріп отырғанымыздай, елдің одан ары дамуының негізгі бағыт-бағдары тәуелсіздігіміздің елең-алаңында-ақ таңдалып қойған. Бүгінгі күні де біздер бұл сөздері Президенттің сөз сөйлеулерінде жиі естиміз және бұл ойларды Қазақстан Конституциясы жолдарынан, барлық бағдарламалық құжаттар мен заң нормаларынан оқимыз.  Билік тармақтарын бөлу, кәсіби Парламент құру жоспарларының жүзеге асырылғандығына да куәміз.

Ең бастысы жоғары биіктерге ұмытылған елімізді, қазақстандықтарды, қоғамды ұйыстырып, алға жетелейтін ортақ идея бар. Ол «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы. Ал Қазақстан халқы оны жүзеге асыру жолында уақытша қиындықтарға, тіпті жекелеген сәтсіздіктерге де қарамастан дайын деп нық сеніммен айта аламыз.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жария еткен соң екі аптадан кейін Алматыда бұрынғы одақтас республикалардың 11 егемен мемлекетінің басшылары бас қосты. Осы кездесу барысында өзінің мемлекеттік егемендігін ең соңғы болып жария еткен республика Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, бұл кездесу күйреген ұлы держава мемлекеттерінің жаңа ынтымақтастығының негізгі біріктіруші буыны боларына сенім артатындығын білдірді.

«Сөз жоқ, бұрынғы тоталитарлық мемлекеттік жүйені қирату бізге оңайға түскен жоқ. Экономиканың дағдарысы және орталық басшылықтың тұтас бір өрескел саяси ағаттықтары асқыңдырып жіберген осынау өте шетін процесс ортадан тепкіш күштердің тегершігін айналдырып жіберіп, бұрынғы Одақтың кейбір аймақтарындағы ұлтаралық араздықты күшейтіп, оны қатерлі шегіне жеткізді. Бірақ мен әрқашан да ақыл-ойдың парасаттылығына сендім, ерте ме, кеш пе қазіргі өркениетті негізгі арнаға міндетті түрде қайтып оралатынымызға сендім. Бүкіл әлемдік дамудың басты бағыты бөліну мен оқшаулау арқылы емес, интеграциялану, бірлесу процесі арқылы жүзеге асады. Біздің бүгінгі кездесуіміз - осы аса маңызды ақиқатты ортақ түсінуіміздің сенімді куәсі.

Алайда, қаншалықты айқын болғанымен идеядан оның жүзеге асуына дейінгі жолдың өзі ұзақ әрі тайғақ болып келеді. Біз бірлесіп өмір сүрудің әртүрлі жобаларын талқылау үшін талай рет бірге жиналдық. Жасырмаймын, кейде маған қажетті тұжырымдама табылғандай болып көрінетін, тең құқықтық және өзара тиімді негізде бірлесуге қол созымдай жер қалғандай болатын. Бірақ өмір өзінің өзгерістерін енгізе отырып, біздің бәрімізді де өмірдің объективті шындықтарына жауап беретін, бір ғана айқын және жалғыз ғана мүмкін нұсқаны бұдан да негіздірек және тереңірек іздеуге мәжбүр етті. Бүгін артымызға бұрылып қарап, өткен жолымызды бағалай келіп және оның басты белгілері Одақтық Шарттың көптеген жобаларын, Новоогареводағы келісімді, Алматыдағы бірінші кездесуді және басқаларын еске ала келіп, солардың бәрі де босқа жасалған іс болды деп айта алмаймын. Керісінше біздің әрқайсымыз жеке-жеке және бәріміз бірлесіп, бізге өзінің болашағын сеніп тапсырған халықтардың тағдыры үшін біз зор саяси, демократиялық және адамгершілік жетілу мектебінен, аса жоғары жауапкершілік мектебінен өттік.

Жинақталған тәжірибенің арқасында мемлекеттік құрылыстың және мемлекетаралық карым-қатынастың қазіргі міндеттерін түсінуде аса маңызды, мүлдем жаңа деңгейге шықтық деп айта аламыз. Ең бастысы, менің көзқарасымша, бізде бір-біріне әуелден-ақ тайталастық және сенімсіздік идеяларын әкелетін этностық, діни және басқа да белгілер бойынша зиянды бөлінушілікті болдырмауға мүмкіндік туды. Шығыс пен Батыстың шынайы достық қарым-қатынасы үшін бір-біріне қол алыстыра отырып, біз оқиғалардың барысына алаңдай қадағалап отырған әртүрлі ұлттардың миллиондаған адамдарының өте қажетті сұрағына жауап бере алдық деп есептеймін. Олардың көпшілігі бүгін бойы сергіп және сеніммен кеудесін кере дем алды ғой деп ойлаймын.

Біз бір-бірімізге қарай жасалған қадамды "жоғарыдан" ешкім айтпай-ақ, орталықтағы "беделді ағаның" жол нұсқаған саусағын көтертпей-ақ жасағанымызды ерекше қанағаттанғандықпен атап өткім келеді. Болашақ ынтымақтастықтың субъектілері ғана осы кездесудің шынайы инициаторлары болды. Мұның өзі осы дөңгелек үстел басында отырғандардың бәрінің де еркімен болғанының, біздің татулықта және тату көршілікте өмір сүруге шынайы ұмтылысымыздың, біздің халықтарымыздың тату-тәтті өмір сүруі үшін ынтымақтастыққа шынайы ұмтылуымыздың тағы бір айқын көрінісі болып табылады», -  деді Н.Назарбаев.

Сол кезеңде-ақ Мемлекет басшысы ядролық қару-жараққа бақылау жасау мәселесі қатты алаңдатқанын да байқауға болады. Өйткені, сол сол мінберден Елбасы алғаш рет Қазақ елін ядролық қарусыз мемлекетке айналдыру ойын жеткізген болатын. Бүгінде біз бұл шешімнің қаншалықты парасатты шешім болғанын анық білеміз. Қазақстан Мемлекет басшысының дәл осы қадамының арқасында әлемдік қоғамдастық алдында зор сенімге ие болып, беделі артып отыр. Мәселен, Қазақстан аумағында Халықаралық ядролық отын банкінің құрылуы да талай жайтты аңғартса керек.

«Соңғы уақытта қабылданған құжаттарға және егеменді республикалар басшыларының мәлімдемелеріңе қарағанда, біздің ядролық қаруға бірыңғай бақылау орнату және стратегиялық тежеу әскерлеріне бірлескен командование құру жөнінде ортақ көзқарас ұстанып отырғанымыз қуанышты. Ядролық қаруды бірыңғай басқару және оны таратудан бас тарту, МАГАТЭ-нің нормаларын сақтау және жаңа тәуелсіз мемлекеттердің Батыс елдерімен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі ынтымақтастығы бізді дүниежүзілік қоғамдастықтың тануы үшін қажетті шарт болып табылады.

Қазақстан үшін, жалғыз ол үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне ие болу басым екенін, ядролық держава ретінде халықаралық танытуға қол жеткізуден гөрі келешекте өз территориясын ядролық қарусыз аймақ деп жариялап, БҰҰ-ға мүше болудың анағұрлым басым екенін ерекше атап көрсеткім келеді», - деп мәлімдеген еді ҚР Президенті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Президенті қолға алған тағы бір маңызды мәселе - бұл тағдырдың түрлі теперішінен кейін бас сауғалап жат жұртқа кеткен отандастарымызды елге оралту бастамасын көтеруі. Бүгінгі күнге дейін елімізде жүзеге асырылып жатқан мұндай бағдарлама әлемнің саусақпен санарлық қана елдерінде бар. Тәуелсіздік жылдары ішінде миллионға жуық қазақ әлемнің әртүрлі елдерінен атамекеніне оралып, Қазақ елінің азаматы атанды. Бұл ретте 1992 жылдың 1 қазанында өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайының салтанатты мәжілісіндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінің астарында талай құнарлы ой жатқанын байқау қиын емес.

«Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқына не берді деген мәселе төңірегінде қым-қиғаш пікір бар. Иә, кешегі насихат жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметі қазаққа ұдайы тек бақыт нұрын себелеп келді деп үйретті. Оның қаншалықты растығын тарихтың өзі дәлелдеп беріп отыр. Бірақ солай дей тұра, қазақ халқының 1917 жылдан бергі тарихын жоққа шығаруға да болмайды. Басқасын айтпағанның өзінде, өткен ғасырда қайтадан үш тарапқа күштеп бөлініп, ұлттық, территориялық тұтастықтан айырылып қалған еліміз бен жеріміздің республика болып құрылуы, аумағы қалпына келтіріліп, шекарасының ресми түрде бекітілуі Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында жүзеге асқанын, мұның өзі қазіргі тәуелсіз мемлекетімізді заңдастыруда бірден-бір негіз болып отырғанын қалай ескермей кете аламыз?! Мен өткеннің бәрін қаралап, ата-бабаларымыздың жасап кеткен еңбегін түгел жоққа шығарудан аулақ болғым келеді. Қалай болғанда да бұл тарих - өз тарихымыз.

Бүгінгі деңгей-дәрежеміздің өзі соншалықты төмен дей алмаймыз. Егеменді ел болып халқымыз өз еркімен демократиялық тұрғыда тұңғыш Президентін сайлады. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланғалы бері жылға да толмайтын уақыт ішінде Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі таныды, еліміз бірқатар аса беделді халықаралық ұйымдарға, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымына, Халықаралық валюта қорына мүше болып қабылданды. Таяуда біздің республикамыздың делегациясы осы лауазымды халықаралық қауымдастық - БҰҰ Бас Ассамблеясына тұңғыш рет қатысады. Ғарышқа қазақ жігіті ұшып, ұлттың мерейін бір көтеріл тастады. Жаңадан Елтаңбамызды, Туымызды белгіледік. Аяулы ана тілімізге - бай әрі құнарлы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылуда, халықтың біртуар ұлдарының аты ардақталып, мерейтойлары өткізілуде.

Қысқасы, туған жерімізде талай-талай өркенді өзгерістер, жан жадыратар жақсы жаңалықтар бар.

Ең бастысы - тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыз бар. Ел дегенде, жер дегенде білегін сыбанып іске дайын тұрған азаматтарымыз бар. Сан ғасырлар бойы талай теперішті көрсе де жайсаң жанын, әсем әнін, күмбір күйін, әдемі әдет-ғұрпын, таза тілін сақтаған ұлтымыз бар. Қандас, жандас бауырларымыздың қазаққа ежелден тән қонақжайлылықты, сүйегімізге, санамызға сіңген мейірімділікті аман алып қалғанына осы Құрылтай күндері әбден көздеріңіз жетеді деп ойлаймын. Бұл бағытта, әсіресе соңғы жылдарда, қыруар іс тындырылды. Қазақы қалпымызға қайта келіп, тарихымызды таразылап, жоғалтқанымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді жаңғыртып жатқанымыздың куәсі боласыздар. Қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау - менің Президенттік те, перзенттік те парызым.

Осы тұста басын ашып айтатын бір жай бар. Әр азаматтың өз ұлтының көркеюін, нығаюын армандауы заңды. Бірақ оған республикадағы өзге ұлт өкілдерін, әсіресе орыс ұлты өкілдерін кемсіту, шеттету, мұқату арқылы жетемін демеу керек. Халқымыздың басынан өткен азап пен мехнатқа республикада өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың өкілдері кінәлі емес. Оған сол кездегі саясат кінәлі, сондай саясат ұстанған қоғам кінәлі. Республикадағы қазіргі ұлтаралық жарасым ахуалын көздің қарашығындай сақтай білу - барлық ұлттың, әрбір азаматтың ең жауапты міндеті. Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйтқысы болу міндетін алдымен осы атамекеннің иесі - қазақ халқы өз мойнына алуы керек. Өйткені халқымыз ұлтаралык жарастықты, сыртқы дүниемен өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыра алса ғана өзінің өркениетті мемлекетіне ие бола алады. Басқадай бағыт ұстанар болсақ, онда біз тұйыққа тірелеміз, талай тағдырдың обалына қаламыз, қазіргі абыройлы атымыздан айырыламыз, исі қазақтың дархан көңіліне көлеңке түсіреміз. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы ұлт пен ұлт жаға жыртысқан республикаларда қандай қанқасап қырғын болып жатқанын өздеріңіз де естіп-біліп жүрген шығарсыздар. Ылайым, сондай кесапаттың бетін аулақ қылсын!». - деді ҚР Президенті.

Сол бір жылдары Қазақстанның өз Тәуелсіздігін сақтап қалатындығына шек келтіріп, егемен мемлекет ретінде қалыптасатындығына күдікпен қарағандардың да қатары мол болатын. Тіпті, кейбірі жерімізде этносаралық және конфессияаралық қақтығыстардың ошағына айналады деп де соққан еді. Міне сондықтан да Президент өз сөзінде тарихи болашағымыз үшін осынау жауапты сәтте баршамыз саналылық пен парасаттылық көрсетіп, байсалдылық пен ұстамдылық сақтауға борышты екендігімізді, республикамыздың өзіндік ерекшелігін, ұлтаралық қатынастың өте нәзік мәселе екенін ұдайы ескеру қажеттігін баса айтқан болатын: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-тәнімен сезінуі керек. Бұл жауапкершілікті мен республика Президенті ретінде де, қазақ халқының бір перзенті ретінде де толық сезінемін деп сіздерді сендіремін! Халқымызда "Бөлінгенді бөрі жейді" деген мақал бар. Осы уақытқа дейін бөлінгеннен, жіктеліп, жіліктенгеннен көрген зияннан басқа тапқан пайдамыз жоқ. Біз дүниежүзі қазағын Алматыға әділетсіздікті де, қасіретті де, қуғын-сүргінді де көп көрген халықтың енді басы қосылса екен деп жинап отырмыз.

Біріңді, қазақ, бірің дос.

Көрмесең істің бәрі бос,-

деп Абай айтқандай, басымыздың қосылатын, ұлттық ой-сананың биіктеп, тұтасатын мезгілі әбден жетті.

Ұлы Абай айтқан өзге міндерімізден де арылатын, әсіресе ежелден қалмай, жанымызды жеп келе жаткан күншілдікті, бақастықты, жел сөзге ерушілікті, енжарлықты қоятын кезіміз жетті. Өзіне өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз».

Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдары  Қазақстан Республикасы тарихындағы ең қиын кезең болғаны сөзсіз. Жұмыссыздық пен инфляция, қылмыстың артуы, азаматтардың елден жаппай кетуі және басқа да проблемалар Н.Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген күрделі саяси және экономикалық реформалардың бастау алуына түрткі болды. 1995 жылдың 29 сәуірінде референдум өтіп, онда халықтың басым бөлігі Президенттің ұстанып отырған  бағыт-бағдарына сенім арта отырып, өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартуды жақтады.

Референдумның қорытындысына орай Орталық сайлау комиссиясында куәлік тапсыру рәсімінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы: «Бұл мен үшін аса тебіреністі сәт. Өйткені мен қолыма өзімнің Президент ретіндегі өкілеттіктерімнің екі мыңыншы жылға дейін ұзартылғанын айғақтайтын құжат қана емес, гүлденіп-көркейген мемлекет орнатуға бағытталған күш-жігерімді қазақстандықтардың толық қолдайтынын дәлелдейтін куәлік алып тұрмын. Мен бұл құжатты барлық істерім мен мақсат-мұраттарымның ең бастысы - адамдардың игілігіне, Қазақстанның мүдделеріне қызмет ететініне алдын ала көрсетілген зор сенім ретінде қабыл аламын.

Референдумға келгендердің бәріне де: соның ішінде маған сенім көрсеткендерге де, қарсы дауыс бергендерге де тағы да шын жүректен рақмет айтамын, ал қарсы дауыс бергендердің пікірін өз істерімнің нақты нәтижелерімен өзгертуге тырысамын.

Иә, халықпен тіке тіл қатысу - кез келген саясатшы үшін жеңіл сын емес. Несін жасырайын: референдум қарсаңында қатты толқыдым, көп нәрселерді ой елегінен өткіздім, әсіресе жүзеге асыра алмаған немесе ойлағанымдай етіп орындай алмаған істерімді саралап, жіберген кемшіндеріме үңілдім... Дегенмен, референдумның алғашқы қорытындылары да, ендігі жерде ресми қорытындылары да көп ұлтты Қазақстан халқының нарықтық экономикаға көшуге, азаматтық татулық пен ұлтаралық тұрақтылықты нығайтуға, құқықтық тәртіпті күшейтіп, республика азаматтарын олардың өмірі мен меншігіне қандай да бір қол суғушылықтан қорғауға деген біз жүргізіп жатқан бағытты сөзсіз қолдайтынын паш етті. Біз алдағы уақытта да осы айқын бағдарларды ұстанатын боламыз.

Қазақстандықтарға қазір ауыр тиіп тұр: экономикалық дағдарыс халықтың, әсіресе оның тұрмыс күйі төмен жіктеріне, көп балалы отбасыларына, ардагерлерге, мүгедектерге салқынын қатты тигізіп отыр. Оларға бәсірелі көмек көрсету үшін мүмкін болғанның бәрін істемекпіз. Тіпті оңайға түспейтін осындай жағдайдың өзінде адамдар татулық пен келісімсіз, нарықтық экономикаға, Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастыққа кірігуіне басқадай балама жоқ екенін түсінбейінше, гүлденіп-көркейген мемлекет орнату мүмкін емес екенін өте жақсы ұғынып отыр. Референдумның қорытындылары мұны айқын қуаттап берді.

Маған қаншалықты зор жауапкершілік жүктелетінін түсінемін. Мұның өзі әсіре қызыл сөздер емес: реформаларды тереңдету жөнінде одан әрі жұмыс істеп қана қоймай, сонымен бірге өткенде жол берілген көптеген зандық босаңдық-баяулықтар мен кемшіндерді, былайша айтқанда, көш үстінде тезірек түзеуімізге тура келеді. Әлбетте, осының бәрін басты мақсатымызды - Адам мүдделерін, оның қүқықтары мен бостандықтарын асқақ қоятын куатты, нарықтық, демократиялық, зайырлы мемлекет орнатуды назарда ұстай отырып, жүзеге асыру қажет», - деді.

1995 жылдың маусымында Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясының 2-ші сессиясы өтті. Біздің бүгінгі өміріміздегі Ассамблеяның рөлі барлығы үшін де жақсы таныс. Сондықтан да осынау форумда Президенттің тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі алғашқы қорытындылары жайында сөйлеген сөздері де барынша маңызды.

Республика халқының Президент өкілеттігін ұзартуды қалап, дауыс беруі бұдан былай да тұрақтылықтың, ұлтаралық жарасым мен азаматтық келісімнің сақталуы үшін, саяси бағыт-бағдарымыздың ауытқымауы үшін, жалпы алғанда, экономикалық және әлеуметтік салалардағы жүргізіп келе жатқан Н.Назарбаев стратегиясы үшін берілген дауыс деп түсінген жөн.

«Азаматтардың референдумға жаппай қатысуы, олардың көзқарастары мен пікірлерінің үйлесуі жаңа ғасыр басталғанға дейін елдегі саяси тұрақтылық үшін негіз жасап, Мемлекет басшысының алдынан тактикалық қана емес, сонымен бірге белгілі дәрежеде стратегиялық кеңістік ашты, жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізуге және бұдан былайғы ілгерілеуіміздің бағдарларын айқындауға мүмкіндік берді. 1992 жылғы "Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында", сондай-ақ 1993 жылғы "Қоғамның идеялық бірігуі - Қазақстан дамуының кепілі" деген еңбегімде жариялаған басты мақсаттарым өзгеріссіз қала бермек. Осы басым бағыттарды еске сала кетейін. Олар: реформаларды ойдағыдай жүзеге асырудың сөзсіз саяси шарты ретінде тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету; меншіктің мемлекеттік және мемлекеттік емес нысандарын қамтитын әлеуметік рыноктық экономиканы қалыптастыру; адамның экономикалық еркіндігінің принципін жүзеге асыруға қажетті құқықтық шарттар мен практикалық база жасау; өзінің барлық азаматтарының жеткілікті әл- ауқат дәрежесін қамтамасыз ететін қоғам құру; Қазақстанның этностық ерекшелігін дамыту мен ұлттық-мәдени сан алуандығын сақтау; демократиялық өзгерістерді тереңдету, саясатта алуан пікірлілікті қамтамасыз ету; адамның еркіндігі мен құқықтарын сақтау, дүниежүзілік экономикада бекем шептерге ие болу негізінде Қазақстанның дүниежүзілік қоғамдастықтағы лайықты беделін қалыптастыру; Қазақстанның мемлекеттік құрылымын президенттік сипаттағы демократиялық республикаға айналдыру», - деді Президент.

Мемлекет басшысы экономикалық жүйеде, адамдардың санасында және қоғамның әлеуметтік құрылымында өте көп нәрселер өзгеріп кеткендігін айта келе, үш-төрт жылда жүріп өткен жолымызға көз жүгірте отырып, оның халық пен мемлекет үшін тарихи мәні жағынан ондаған жыл- дарға пара-пар екендігін баса айтты.

«Біздің басты мақсатымыз күшті мемлекет құру болып табылады, бірақ ол бәрін жаныштайтын күш емес, барша жұрт мойындаған демократиялық бостандықтар мен мұраттардың негізінде азаматтарды қорғайтын құрал болуға тиіс. Бұл орайда жол біреу ғана - мемлекеттің меншікке деген монополиясын белгілі деңгейге дейін шектеу, оның басқа түрлерін дамыту және әрбір азаматқа кәсіпкерлік еркіндігін беру.

Осыған байланысты әлі күнге дейін "кеңестік күпіден" шыға алмай, мемлекеттік сектордың мүдделерін қорғайтын адвокаттар сияқты болып отырған үкіметке, министрліктер мен ведомстволарға сын айтқан жөн. Олар меншіктің басқа түрлерімен тығыз айналысып, жеке бизнеске көмектесуі қажет. Заңдар бұған мүмкіндік беріп қана қоймай, соған ынталандырып та отыр.

Экономикадағы пайда болған жақсарудың жемістерін халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерінің, ең алдымен - табысы аз, еңбекке жарамсыз азаматтардың, зейнеткерлер мен оқушылардың көкейтесті мұқтаждарын қанағаттандыруға жұмсаған жөн. Ал басқаларына келетін болсақ, мұнда мемлекет еңбекте және шығармашылықта өзін-өзі көрсетуі үшін олардың экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге міндетті», - деп сипаттады Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындаған жағдайға орай.

ҚР Президенті осының бәрін жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттІ жүйелі және сенімді түрде толықтырып отыру керектігін, бұл тұста барынша реттелген салық жүйесі шешуші рөл атқаруға тиістігін баса айтты.Салық қыспағының салмағы халықтың экономикалық белсенділігін тұншықтырып, қазынаның кірісін қысқартатындай шектен асып кетпеуге тиістігін ескертті.

Дәл осы жиында Президент экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету және осының негізінде - халықтың жақсы турмысқа қол жеткізуі үшін 1996-2000 жылдарға арналған экономикалық және әлеуметтік дамудың индикативті жоспарының жобасын жасауды тапсырғанын айтты. Бұл құжат Қазақстан халқының тұрмыс деңгейін кемінде екі есе көтеру, 1998 жылға қарай инфляцияның жыл сайынғы өсу қарқынын 10 процентке дейін азайту, 1996 жылға дейін өндірістің өрлеуін қалпына келтіру үшін қажетті шараларды айқындауға тиіс болды. Жасалып жатқан осы бағдарламада шағын және орта бизнестің тиімділікпен жұмыс істеуі, жекеменшік кәсіпкерлікті дамыту үшін қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қалыптастыру белгіленді. Сондай-ақ бұл жерде халықты әлеуметтік қорғау жүйесін оңтайлы етуге, оған неғұрлым нақтылық беруге, соның ішінде мемлекеттік басқару органдары арасында міндеттемелерді айқын бөлуге және жергілікті органдарға халыққа қызмет көрсету міндеттерін беруге баса назар аударылатын болды, бұрын бұл кәсіпорындар мен шаруашылықтардың құзырына жатқызылып келген еді.

Ұлт Көшбасшысы қоғамды демократияландыру мәселесіне де осы жиында кеңінен тоқтала келе: «Қазақстанда демократияның қажетті саяси кепілдіктері бар. Мен өзіміздің дұрыс даму жолын таңдап алғанымызға сенімдімін. Біздегі көп партиялылыққа кепілдік жасалғанының, баспасөз еркіндігі қамтамасыз етілгенінің өзі осыны дәлелдейді ғой. Мемлекеттік өкіметтің саяси бағыты азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімге бағдарланған. Амал қанша, біздің адамдардың бәрі бірдей болып жатқан өзгерістер кері бұрылмайтынын сезіне бермейді. Республикада қоғамда жеткілікті дәрежеде жаппай қолдауға ие болып отырған партиялар әлі қалыптаса қойған жоқ, ал бұл мемлекеттік өкіметті қоғамдық көңіл-күйді объективті түрде біліп отыру мүмкіндігінен айыруда. Бірақ белгілі бір уақыт өткеннен кейін өркениетті саяси құрылым қалыптасып, қоғамға ықпал ете алатын, бағдарламалары мазмұнды және елеулі кадрлар әлеуеті бар партиялар нығая түседі. Олардың өкімет басына келуі нормаға айналып, ең бастысы - бұл қоғам үшін пайдалы болмақ», - деді.

Бүгін қазақстандық жас буын үшін Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрлі шара көрінетіндігі түсінікті де. Жалпы, ең бірінші халыққа Жолдау арнау 1996 жылдың қазанында орын алған еді. Бұл құжат «Елдегі жағдай және ішкі, сыртқы саясаттын 1997 жылға арналған негізгі бағыттары туралы» деп аталған болатын.

«Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан бергі бесінші жыл да аяқталып келеді. Тарих ауқымында алғанда, бұл қас-қағым сәт, уақыт жиынтығы ғана, ал мұндай уақыттың ішінде, әлбетте, мемлекеттік дамудың сапалық жағынан жаңа үлгісін қалыптастыру біршама қиын. Тегінде, баяулық қоғамдық процестер табиғатының өзіне тән, өйткені саяси және экономикалық құрылыстың, қоғамдық құндылықтардың, өмірлік мұраттардың алмасуы ондаған жылдарға созылады.

Алайда осынау бес жыл бұрынғы бір қалыпты тіршіліктің талай жылдарына татитын оқиғаларды бойына жинақтаған уақыт болды.

Бұрын-соңды болып көрмеген даму серпіні, бағыт-бағдардың күрт алмасуы еліміздегі істің жәй-күйін бағамдау жағынан алғанда, қоғамда кейде екі ұдайлыққа ойысатын кең пікір туғызды. Ең алдымен, еліміз бастан кешіріп отырған ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс, халықтың көптеген топтарының тұрмыс деңгейі мен жағдайының нашарлауы, іргелі нәтижелердің жоқтығы, содан туған түңілушілік осындай келеңсіз баға беруге себепші болған еді.

Жағымды баға беру жағына келетін болсақ, мұндай баға аз, дегенмен бұл баға бір сәттік көңіл-күйге емес, керісінше, өзгерістердің қисынын түсінуге, өзімізге берілген, өлшеулі уақыттың ішінде қол жеткен нәтижелерді салыстыруға, реформалардың дәл осындай жолынан өткен өзге елдердің тожірибесін таразылауға негізделген.

Еліміздің бүгінгі жағдайының соңғы жылдары қабылданған саяси немесе экономикалық шешімдердің нәтижесімен тіпті де өлшенбейтінін ескеруіміз керек. Қалыптасқан ахуал - қоғамдық жүйенің күйреуінің, КСРО-ның ыдырауының салдары, мемлекеттік қалыптастыруға қатысты бұдан кейінгі барлық оқиғалардың, жаңа мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың қорытындысы.

Сондықтан да бүгінгі болмыс шындығына осы заманғы тарихтың айнасы арқылы қарау қажет, ал оның дамуының өз қисыны бар», - деген еді халыққа ең бірінші Жолдауын арнаған Н.Назарбаев.

Қорыта айтқанда, «Тәуелсіздіктің бес жылдығы» кітабы Қазақстан тарихына бей-жай қарамайтын, сонымен қатар өзінің  болашағын ойлайтын кез келген оқырман үшін қызықты болары анық. Кітаптың электронды нұсқасын мына сілтеме арқылы оқуға болады: https://personal.akorda.kz/ru/category/knigi/pyat-let-nezavisimosti.