Тәуелсіздік күні қарсаңында СҚО полициясының 70-тен астам қызметкері марапатталды
ПЕТРОПАВЛ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше қалалық Мәдениет үйінің залында Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер органдарының жеке құрамы мен ардагерлері жиналды.
Әріптестерін мемлекеттік мерекемен СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары Думан Таев құттықтады.
Марапаттау рәсімінде әскери атақ тапсыру ең әсерлі сәт болды. Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Қанат Айтбаевқа полковник атағы мерзіміне дейін берілді.
Кіші басқару құрамының тағы үш қызметкері кезекті бір сатыға жоғары атақ алды.
Уәлихан аудандық ІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі Ысқақовқа жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілді.
Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің және СҚО ІІД бастығының мерекелік бұйрығымен ІІБ-нің қызметкерлері мен ардагерлері төсбелгілермен, грамоталармен, алғыс хаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.