Тәуелсіздік тойы: Елін сүйген елеулі азаматтар зор марапатқа бөленді (ФОТОРЕПОРТАЖ)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын экономикалық дамытудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Восточный» разрезінің механигі Ришат Әміреновке, Тараз қаласының «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Искандировке, Қостанай облысының «Алтынсарино» ЖШС директоры Борис Князевқа берілді.
Сонымен бірге Елбасы Ақордада өткен салтанатты жиында бірқатар қазақстандықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Олар мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері.
«Қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Н.Назарбаев ел дамуына еңбек сіңірген Қазақстан азаматтарының елеулі тобын мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Мемлекет басшысының Жарлығымен бүгін тапсырылып отырған бұл жоғары мемлекеттік наградалар 1500-ге жуық ел азаматтарының, оның ішінде сіздердің еселі еңбектеріңізге берілген үлкен баға деп қабылдауымыз керек», - деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы осынау мерекеге орай, мәдениет қайраткерлеріне, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметкерлерге, экономика және бизнес өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстаған болатын.
Кейін Тәуелсіздік күнін тойлауға байланысты «Астана Опера» театрында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Сондай-ақ атаулы күні облыс әкімдері Отан алдындағы ерен еңбектері үшін бірқатар қазақстандықтарға марапаттар ұсынды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында елорда әкімдігінде Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқаны, халық арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын табыстады.
Оңтүстік Қазақстанда 71 адам Тәуелсіздік күніне байланысты орден мен наградаларға ие болды.
Отанға сіңірген еңбектері үшін 50 шығысқазақстандық мемлекеттік наградаларды алды.
Еліміздің басты ұлттық мейрамы кезінде Қарағанды өңірі де шет қалған жоқ. Мерекеге орай өткізілген шараға мемлекеттік орган басшылары, депутаттар, кәсіпкерлер, ардагерлер, этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өңір мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттады.
Бүгін еліміздің барлық аймақтарында Қазақстанның Тәуелсіздік күні тойланып жатыр.
Еске сала кетейік, ҚР азаматтары аталған мерекеде екі күн - 16 және 17 желтоқсан күндері демалады.