Тәуелсіздіктің 20 жылының тарихы - бұл тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы - ЕЛБАСЫ
деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметінен.
Сессия жұмысына республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар басшылары, діни бірлестіктер, дипломатиялық қызметтер, ғылыми және шығармашылық қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын аша отырып сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясы алғаш рет 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті. Биыл 1 мамыр жаңа форматта алғаш рет атап өтілетін болады. Мұндай тапсырманы Президент өткен жылы, Тәуелсіздік күнін мерекелеу кезінде берген еді. Қазақстан бойынша жұртшылықтың мерекелік шерулері, патриоттық акция өткізіледі. 1 мамыр - Көктем мерекесі елдегі барлық этносты бір-бірімен етене жақындастыра түсуі керек. Бұл - ортақ үйіміз - туған Қазақстан құрылғалы бергі 20 жыл ішіндегі басты мерекенің бірі.
- Таяуда елімізде кезектен тыс президент сайлауы табысты өтті. Ол ұлттық бірлігіміздің триумфіне айналды. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарды. Еске алатын болсақ, ҚХА-ның өткен сессиясында алғаш рет Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы бастама қозғалған болатын. Менің сайлау штабымда ҚХА-ның мыңға жуық өкілдері және өңірлік ассамблея, іс жүзінде барлық этномәдени бірлестіктер жұмыс істеді. Мен біздің ортақ тағдырлы жеңісімізге қосқан зор үлесі үшін барлығына алғысымды айтамын! - деді Мемлекет басшысы.
Сайлаудың нәтижесі - бұл Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылының заңды қорытындысы. Тәуелсіздіктің 20 жылының тарихы - бұл тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығы мен келісімінің тарихы. Бұл жылдар ішінде этникааралық және конфессияаралық теңдіктің тиімді құқықтық базасы құрылды. Оны сенім еркіндігі, тілдер, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңдар құрайды. Өткен жылы Ұлттық бірлік доктринасының қабылдануы маңызды қадам болды. Конституциялық мәртебеге ие Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық бірліктің базалық институтына айналды. Оның құрамына 820-дан астам этномәдени бірлестік кіреді. Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында этномәдени орталықтар үшін барлық жағдай жасалған.
Барлық этнос өкілдері өздерінің ана тілі мен мәдениетін сақтаулары үшін барлық жағдай жасалды. Мысалы, 22 этностың ана тілі жеке пән ретінде 108 мектепте оқытылады, ал 88 мектепте өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде сабақ жүргізіледі. Еліміздің әр өңірінде 33 арнаулы мектепте балалар үш тілде: яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алады.
Тек қана этникалық БАҚ-ты қолдауға және этникаралық қатынастарды жазып-көрсетуге 2005 жылдан қаржыландыру 4 есеге көбейді. Соңғы екі жылда ұлттық театрларға мемлекеттік қолдау көрсету көлемі 30 пайызға артып, 500 миллион теңгені құрады. 2010 жылы этномәдени бірлестіктерді қаржылық қолдау көлемі 100 миллион теңгені құрады.
- Біздің Тәуелсіздігіміздің тарихы - бұл барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этникалық топтардың өкілдері атсалысып келеді. Қазақстанның табысы әрдайым біздің шетелдік отандастарымыздың назарында. Бүгінде олардың көпшілігі өздерінің туған Отандарына оралуда. Олар тек осында ғана өздерінің әлеуетін іске асырып, өздері дүниеге келген еліне пайда әкелетіндіктерін түсінеді, - деп атап өтті Президент.
Тек соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға кезінде түрлі себептермен өзге елдерге қоныс аударған он мыңға жуық отандастырымыз оралды. Олардың арасында 44 мыңнан астамы - орыстар, 5 мыңнан астамы - немістер.
- Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің жұмысына қатысқан біздің заманымыздың көрнекті рухани қайраткерлермен әлденеше рет сөйлестім, Олар бірауыздан Қазақстан мұсылмандар, православтар, католиктер, протестанттар, буддистер, иудеистер бейбіт өмір сүріп жатқан әлемдегі жалғыз ел екенін айтады. Біз достықтың бірегей үлгісін құрдық және оны сыртқы қауіп-қатерден сақтауымыз керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан - әлемге озық интеграциялық бастамалар үздіксіз таралып жататын бірегей ел, осында саммиттер мен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде елде ұлтына бөлместен азаматтар құқығы тең қамтамасыз етілетініне қазақстандықтардың 85 пайызы сенімді. Халықтың 75 пайызы Қазақстанда өздерінің ана тілі мен мәдениетін сақтау үшін түрлі этностарға барлық жағдай жасалғанын атап өткен.
- Еліміздің әр өңірінде болған кездесулерде қазақстандықтар, әсіресе жастар маған «еліміз үшін не істеуге болады?» деген сұрақты жиі қояды. Мен оларға әрдайым: біздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаңыздар, бір-біріңді құрметтеңдер, төзімді болыңдар, өзара түсіністікті нығайтыңдар, білім алыңдар, Отанның игілігі үшін адал еңбек етіңдер, деп жауап беремін. Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнен артық еш нәрсе жоқ. Бұл мемлекеттің және бәріміздің күнделікті саясатымыз бен практикамыздың нәтижесі, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне назар аударды. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы жаңғырту, болашақтағы инновациялық индустриаландыру және технологиялық серпіліс идеясының айналасына топтасқан. Қазақстанның этномәдени орталықтары осы идеяға белсенді түрде атсалысулары қажет. Ассамблеяның жұмысын үнемі жетілдіру қажет. Ассамблея елді дамытудың негізгі мәселелері жөніндегі шешімдерді әзірлеу үшін азаматтық қоғамның күшін жетекші топтастырушы мәртебесін нығайтуы қажет. Этникааралық және конфессияаралық қатынастардың барлық аспектілерін зерттеудің мықты орталығын құру керек. Барлық этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне көмектесу басым бағыттың бірі болып қала береді. Мәдени-ақпараттық сала арқылы төзімділікке тәрбиелеу жөніндегі жұмысты күшейту керек.
- Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеу аясында Ассамблея менің тапсырмам бойынша ауқымды бағдарлама әзірледі. Мамыр айы «Бірлік» ұранымен өтеді, ал жылдың соңғы жұлдызды жиырма күні «Келісім» ұранымен өтетін болады. Сонымен қатар, әлеуметтік жаңғырту мәселесі Ассамблеяның назарында болуы тиіс, - деп қадап айтты Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауы әрдайым тағдырлы шешімдердің табысты негізі болғандығын атап өтті. Атап айтқанда, Конституция, «Қазақстан-2030» Стратегиясы, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру стратегиясы, 2020-стратегиялық жоспары қабылданғанда да солай болған.
- Бүгінгі сессия Қазақстан халқы Ассамблеясы, барлық этномәдени орталықтар жемісті жұмыс істеп жатқанын тағы да көрсетті. Сіздер еліміздің тұрақты дамуына, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келесіздер. Мен сіздерге игілік, біздің халқымыздың бірлігін нығайтудағы істе табыстар, бақыт, бейбітшілік және әр жанұяға береке тілеймін! - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессияда сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты В.Вишниченко, «Вайнах» шешен және ингуштер мәдениетін дамыту орталығы қауымдастығы» теңтөрағасы, ШҚО Зыряновск қаласындағы достық үйінің әдіскері Л.Самбаева, «Жанубий Козогистон» газетінің бас редакторының орынбасары И.Хашимжанов, «Алтынай» шаруа қожалығының бригадирі А.Руш, Алматыдағы «Луйс» армян мәдени орталығының төрағасының орынбасары Н.Микаелян, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Н.Айтов, Орал қаласындағы «Орыс мәдени орталығы» ашық қоғамының төрағасы С.Погодин сөз сөйледі.
Сөз алғандар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі рөлін атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерге қолдау білдірді.
Мемлекет басшысына Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық наградасы «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» табыс етілді.
- Қазақстандықтар 3 сәуірде көрсеткен қолдауынан артық қандай награда болуы мүмкін. Президент үшін ол жоғары награда. Саясаткерлер өмірі күрделі әрі өзгеше болып келеді. Бақытты саясаткер - ол, өз халқы үшін реформа ойлап тапқан, бағдарлама жасаған, адамдар үшін жасаған өз ісінің өз халқынан қолдау тапқанын және жемісін көрген адам, - деді Президент.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ХVІІ сессиясына қатысушылар Н.Ә.Назарбаевты сайлаудағы жарқын жеңісімен құттықтаған және барша азаматтарды «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдаудағы міндеттерді орындау мақсатында жұмылуға шақырған үндеу қабылдады.
- Біз ХVІІ сессия жұмысын аяқтаймыз. Барлық сөйленген сөздерде менің атыма 3 сәуір күні өткен Президент сайлауындағы баршамыздың ортақ жеңісімізбен құттықтаулар шын жүректен, өте жарқын айтылды. Мен сіздерге тағы да өз ризашылығымды білдіремін және баршаңызға мықты денсаулық, әр үйге бірлік-береке тілеймін. Биылғы жыл - Тәуелсіздің 20 жылдығы жылы - ерекше жыл. Елімізде жыл сайын үлкен оқиғалар өтеді, біз әлем назарын аударған орталыққа айналдық. Мұнда халықаралық кездесулер, форумдар, кеңестер өтеді. Бұл да өте зор қуаныш, өйткені біз әр шара сайын өзімізді таныта түсеміз. Біздің достарымыз қонаққа келеді, олар Астанаға, Қазақстанға, біздің қонақжайлығымызға тамсанады, адамдармен әңгімелеседі, Қазақстанның қандай елге айналғанын өз көздерімен көреді. Олар қайран қалады, таңданады, үйренгісі келеді, өздеріне барған соң қайталағысы келеді. Бірақ, сәтті бола қоймайды. Мүмкін, біз, қазақстандықтар, - ерекшеміз. Өйткені біздің жеріміз - өзінің тарихында көпті көрген Ұлы Дала. Мұнда көптеген оқиғалар өткен, Ұлы Жібек жолының бойымен миллиондаған адамдар шығыстан батысқа, батыстан шығысқа сапар шегіп жатты. Барлық діндер осында тоғысты. Біз күні бүгінге дейін жыл санауымызға дейінгі замандардың олжаларын тауып алып жатырмыз. Мұның бәрін, ең алдымен, қазақ халқы толеранттылықпен, төзімділікпен, сезімталдықпен жасады. Содан кейін баршамызды тарих әлемнің әр түкпірінен осында жинап алды, бұған ешкім кінәлі емес. Біз біртұтас халыққа айналдық. Мен мемлекеттік қазақ тілі туралы оның үстемдік құруын айтпаймын. Ешқашан, ешбір халық бір-бірінен үстем болуға тиіс емес. Ешбір тіл бір-бірінен басым болуға тиіс емес. Менің айтайын дегенім басқа, мәселен, Құрама Штаттары өздерін Америка атайды және барлық тұрғындары - американдықтар. Оларда түрлі ұлт өкілдері біздегіден де көп. Ондағылар дүниенің барлық түкпірінен келген мигранттар. Бірақ олардың баршасын ағылшын тілі біріктіреді. Олардың барлығы ағылшын тілді. Францияда жүздеген этностар тұрады, оларды француз тілі ұйыстырады. Мен осыған ұмтыламын. Бізді, біздің болашақ балаларымызды барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтай отырып, ортақ тіл топтастырғанын қалаймын. Біз мың жыл ілгері көзбен көргендей болжай алмаймыз. Неге біз бәріміз ағылшын тілін үйренгіміз келеді? Өйткені, технология, ғылым, ақпараттық ресурстардың бәрі осы тілде сөйлейді. Егер осының бәрі орыс тілінде құрылған болса, бәрі орысша үйренгісі келер еді. Егер біз бұл дүниеде жоқ ғаламатты қазақ тілінде жасайтын болсақ, бәрі қазақ тілін үйренгісі келеді. Дүниеде 100, 200, 1000 жыл өткен соң ненің басым боларын біз білмейміз. Алайда біз тілі мен мәдениетін сақтағысы келетін халқымыздың, адамдарымыздың, этностарымыздың тілегін басшылыққа аламыз. Сіздер бұған түсінікпен қарап келесіздер, бәрін сезінесіздер, қолдап келесіздер, мен сіздерге ризамын. Бізде, Қазақстанда бәрі бар - ұланбайтақ жер, сарқылмас қор, жүз пайыз білімді адамдар. Бізде өсіп-өркендеуге және жарқын болашаққа қажеттің бәрі бар. Көптеген елдер азық-түлік дағдарысы туралы айтуда, ал біз әлемге жаңа жерлерімізді, жаңа егістіктерімізді игере отырып, қосымша азық-түлік ұсына аламыз. Бізге тек инвестиция керек. Біз бәрін жасай аламыз. Бірақ, бұл үшін ауызбірлік, өзара түсіністік керек. Егер біз Ассамбея айналысып келе жатқан біздің қоғамдағы бірлігімізді, бауырластығымызды, тұрақтылығымызды, тыныштығымызды, толеранттығымызды сақтайтын болсақ, Қазақстан бағындырмайтын биік болмайды. Сондықтан мен осының бәрін әрбір қазақстандық шаңыраққа тілеймін. Баршамыздың денсаулығымыз мықты болсын! - деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қорытынды сөзінде.