«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Грант берудің мақсаты — белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.

— 2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады. Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады, — деп атап өтті министрлік.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
«Ғылым» — жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» — Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» — жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» — жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» — жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» — өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
Ведомство мәліметінше, конкурстық өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (бұл ретте, а. ж. 18 тамыз, сағ.: 24:00–ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com электронды поштасы арқылы жүзеге асырылады.
Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-12-78, 8 706-618-07-23 (жұмыс күндері, сағ. 9:00–ден 18:30–ға дейін).
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде):
1) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім (PDF форматы);
2) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы (word форматы);
3) Жоба бойынша бейнематериал (60 секундтан аспайтын) немесе презентация
(10 слайдтан аспайтын);
4) 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы
(word форматы);
5) Зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса, PDF форматы);
6) Жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі (PDF форматы).
Бұған дейін Астанада БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистер арасында байқау жарияланды.