Тәуелсіздік жариялағанына 250 жыл: АҚШ-тың әлемдік саясаттағы ықпалы қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – 4 шілде – АҚШ-та Тәуелсіздік күні. Осыдан 250 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялаған мемлекет бүгінде әлемдегі ең ірі экономикаға, ең қуатты армияға және халықаралық саясаттағы ең ықпалды ойыншылардың біріне айналды.
Дегенмен, соңғы жылдары әлемдегі күштер тепе-теңдігі өзгере бастады. Қытайдың қарқынды дамуы, БРИКС ықпалының артуы, Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар, сондай-ақ Вашингтонның сыртқы саясатындағы өзгерістер АҚШ-тың әлемдегі рөлі туралы пікірталасты қайта күшейтіп отыр.
АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне орай әлемдегі ең ықпалды державалардың біріне айналған елдің бүгінгі халықаралық саясаттағы орны мен ықпалына тоқталуды жөн көрдік.
Бүгінде Америка ықпалы әлсіреп барады деген пікірлер айтылғанымен, негізгі көрсеткіштер Вашингтонның әлемдегі жетекші позициясын сақтап отырғанын көрсетеді. Мәселен, Халықаралық валюта қорының (IMF) деректеріне сәйкес, 2025 жылы АҚШ-тың номиналды жалпы ішкі өнімі 30 трлн доллардан асты. Бұл - әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Қытай экономикасы көлемі жағынан екінші орында тұрғанымен, әлі де АҚШ-тан айтарлықтай төмен. Оның жалпы ішкі өнімі 19,63 трлн долларды құрады.
Экономикалық ықпал тек ЖІӨ көлемімен өлшенбейді. Әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың басым бөлігі, мәселен, Apple, Microsoft, Nvidia, Alphabet және Amazon – америкалық корпорациялар. Олар жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және цифрлық экономиканың негізгі драйверлеріне айналды.
Вашингтонның жаһандық ықпалын сақтап тұрған тағы бір фактор – доллар. IMF-тің COFER деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңында әлем елдерінің ресми валюта резервтерінің шамамен 57%-ы АҚШ долларында сақталған. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары біртіндеп төмендегенімен, доллар халықаралық қаржы жүйесіндегі негізгі резервтік валюта мәртебесін сақтап отыр.
Әскери қуат жағынан да АҚШ-тың басымдығы сақталған. Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) мәліметінше, 2025 жылы АҚШ қорғанысқа 954 млрд доллар жұмсаған. Бұл әлемдегі әскерді қаржыландыруға бөлінген ең көп сома. Салыстыру үшін, Қытайдың әскери бюджеті 336 млрд долларды құраған. Жалпы АҚШ, Қытай және Ресейдің үлесіне әлемдік әскери шығындардың 51%-ы келеді.
Осының бәрі АҚШ-тың халықаралық саясаттағы салмағы әлі де жоғары екенін аңғартады. Бірақ сарапшылар мұның Вашингтонның әлемдік көшбасшылығына еш қауіп жоқ дегенді білдірмейтінін айтып отыр.
«America First»: АҚШ сыртқы саясаты қалай өзгерді
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық жүйеде АҚШ шешуші рөл атқарды. Алайда соңғы онжылдықта бұл жүйе жаңа сын-қатерлерге тап болды.
Қытай экономикасы мен технологиялық әлеуетін қарқынды арттырып, жаһандық ықпалын кеңейтіп келеді. Сонымен бірге БРИКС кеңейіп, дамушы елдердің халықаралық саясаттағы рөлін күшейтуге ұмтылып жатыр.
Оған қоса, соңғы жылдары Украинадағы қақтығыс, Таяу Шығыс пен Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шиеленіс АҚШ-тың сыртқы саясатына жаңа міндеттер жүктеді. Вашингтонға бір мезгілде бірнеше бағыттағы дағдарысқа жауап беруге тура келіп отыр.
Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігінің «America First» саясаты АҚШ-тың дәстүрлі сыртқы саясатына өзгеріс әкелді. Мәселен, сауда тарифтерінің артуы, өндірісті елге қайтару бастамалары және НАТО мүшелерінен қорғанысқа көбірек қаржы бөлуді талап етуі одақтастар арасында да қызу талқыланып жатыр.
Дегенмен, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбектің айтуынша, «America First» саясатының АҚШ-тың әлемдік саясаттағы ықпалын күшейткені не әлсіреткені туралы біржақты тұжырым жасау қиын.
– Бұл саясат ең алдымен АҚШ ықпалының сипатын өзгертті. Вашингтон әлемдік саясаттан алшақтаған жоқ, бірақ халықаралық мәселелерге араласуда ұлттық мүдде мен нақты пайдаға көбірек басымдық беріп отыр,-дейді ол.
Сарапшының сөзінше, осының әсерінен АҚШ халықаралық ұйымдарға да өзгеше қарай бастады. Егер бұған дейін Вашингтон халықаралық ұйымдарды белсенді түрде қолдап келсе, енді олардың қызметін ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарауға ден қойды.
– АҚШ халықаралық ұйымдардан кетіп жатқан жоқ. Бірақ олардың қызметіне қатысу мен қолдау көлемін енді өз мүддесіне қарай айқындауға тырысады. Бұл Вашингтонға еркінірек әрекет етуге мүмкіндік бергенімен, халықаралық ұйымдардағы ықпалын әлсіретуі мүмкін. Ал бос қалған кеңістікті Қытай, Еуропалық одақ немесе басқа державалар иеленуге ұмтылады, – дейді спикер.
Одақтастармен қарым-қатынаста да өзгеріс байқалады. Соңғы жылдары АҚШ НАТО елдерінен қорғанысқа көбірек қаржы бөлуді және қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті бірге көтеруді талап етіп келеді. Сарапшының айтуынша, бұл Вашингтонның одақтастықтан бас тартқанын емес, оның шарттарын қайта қарауға ұмтылып отырғанын көрсетіп отыр.
– Қысқа мерзімде бұл саясат АҚШ-тың ықпалын күшейтті деуге болады. Өйткені Вашингтон өз мүмкіндіктерін пайдаланып, одақтастарынан нақты міндеттемелер талап етіп жатыр. Бірақ уақыт өте келе кейбір елдер АҚШ-қа бұрынғыдай арқа сүйемей, басқа серіктестермен де байланысын нығайтуға және өз мүддесіне сай дербес шешім қабылдауға көбірек көңіл бөле бастады, - дейді Нұржан Өмірбек.
АҚШ-тың ықпалы әлсіреді ме
Соңғы жылдары Қытайдың экономика және технология саласында қарқынды дамуы, БРИКС-тің кеңеюі және Ресейдің халықаралық саясаттағы белсенділігі АҚШ-тың әлемдік көшбасшылығына қатысты пікірталасты күшейтті. Алайда сарапшы бұл үрдістерді Вашингтонның әлсіреуінен бұрын әлемдік күштер тепе-теңдігінің өзгеруі ретінде қарастырған жөн деп есептейді.
– Қытай АҚШ үшін негізгі бәсекелеске айналды. Бұл бәсеке тек сауда немесе әскери салада ғана емес, технология, ЖИ, өндірістік тізбектер, инфрақұрылым және жаһандық басқару мәселелерінде де жүріп жатыр. Сондықтан Бейжіңнің күшеюі Вашингтонның бұрынғыдай әлемдік күн тәртібін жалғыз өзі айқындау мүмкіндігін шектейді, - дейді Нұржан Өмірбек.
Оның айтуынша, БРИКС-тің кеңеюі де халықаралық жүйедегі өзгерістердің бір көрінісі. Дегенмен бұл ұйымды АҚШ-қа қарсы құрылған біртұтас блок ретінде қабылдау дұрыс емес.
– БРИКС АҚШ бастаған тәртіпті бірден алмастырып жатқан жоқ. Бірақ оның кеңеюі Батыстан бөлек балама экономикалық және саяси алаңдардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, - дейді сарапшы.
Соған қарамастан, АҚШ әзірге әлемдегі жетекші державалардың бірі болып қала береді.
– АҚШ әлі де әскери қуаты, технологиялық әлеуеті, қаржы жүйесі және одақтастық желісі арқылы әлемдегі ең ықпалды держава болып отыр. Доллардың әлемдік валюта ретіндегі рөлі де жоғары. Бірақ Вашингтон енді халықаралық күн тәртібін бұрынғыдай біржақты айқындай алмайды, - дейді Нұржан Өмірбек.
Сарапшының пікірінше, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін толық бірполярлы деу де, толық көпполярлы деп сипаттау да асығыс тұжырым болар еді.
– Бірполярлы кезеңнің негізгі белгілері әлсіреді. Бірақ әлемді толық қалыптасқан көпполярлы жүйе деп айтуға да ерте. Себебі басқа орталықтар АҚШ-ты толық алмастыра алатын деңгейге жеткен жоқ, сондай-ақ олардың өзара мүдделері де әрдайым сәйкес келе бермейді,- деді сарапшы.
АҚШ неге Орталық Азияға бет бұрды
Әлемдік саясаттағы өзгерістер АҚШ-тың Орталық Азияға деген көзқарасын да өзгертті. Егер бұрын өңір негізінен қауіпсіздік пен Ауғанстандағы жағдай тұрғысынан қарастырылса, қазір оның геоэкономикалық маңызы алдыңғы орынға шықты. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Дәурен Әбеннің айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр.
– Орталық Азияға қызығушылықтың артуын уақытша құбылыс немесе бір ғана оқиғаға байланысты реакция ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – халықаралық жағдайдың өзгеруі, жетекші державалар арасындағы бәсекенің күшеюі, Ауғанстандағы ахуалдың өзгеруі және Үнді-Тынық мұхиты өңірінің маңызының артуы сияқты бірнеше өзара байланысты процестің нәтижесі, – дейді спикер.
Оның айтуынша, өңірдің экономикалық рөлі де бұрынғыдан әлдеқайда маңызды бола түсті. Қазақстан мен Орталық Азия мұнай, газ, ураннан бөлек, жоғары технологиялар мен жасыл энергетикаға қажет стратегиялық маңызды минералдардың ірі қорына ие. Ал Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы өңірдің Еуропа мен Азия арасындағы логистикалық маңызын арттырып отыр.
– Бұрын Орталық Азия елдері көбіне Ресейдің, Қытайдың саясаты немесе Ауғанстандағы жағдай арқылы қарастырылатын. Қазір олар көпвекторлы сыртқы саясат жүргізетін, өз мүддесі бар әрі халықаралық қатынастардағы дербестігі артып келе жатқан мемлекеттер ретінде қабылдана бастады, - дейді Дәурен Әбен.
Оның сөзінше, осы өзгерістердің нәтижесінде C5+1 форматы да жаңа мазмұнға ие болды. Қазір бұл алаңда қауіпсіздікпен қатар инвестиция, энергетика, цифрландыру, климат, стратегиялық минералдар және адами капитал мәселелері талқыланып келеді.
Көпвекторлы саясат тиімді ме
АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропалық одақ арасындағы геосаяси бәсеке күшейген сайын Қазақстанның көпвекторлы саясатына қатысты пікірталастар да жиілей түсті. Дегенмен сарапшы бұл бағыт өзектілігін жоғалтпайтынын айтады.
– Қазіргі жағдайда көпвекторлы саясат өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше, геосаяси бәсеке күшейген сайын стратегиялық автономияны сақтап, әртүрлі серіктестермен ынтымақтастықтың мүмкіндігін пайдалану үшін ең ұтымды модельге айналып отыр, - дейді институт директорының орынбасары.
Оның пікірінше, Қазақстан сыртқы саясатты бір орталықты таңдау ретінде емес, ұлттық мүдде, прагматизм және өзара тиімді әріптестік қағидаттарына сүйеніп жүргізіп келеді. Сондықтан АҚШ-пен, Қытаймен, Ресеймен немесе Еуропалық одақпен байланыстар бір-біріне қарсы қойылмайды.
Аймақтағы Америкалық инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға тиесілі
Сарапшы алдағы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыты да өзгеретінін айтады. Егер бұрын энергетика басым болса, енді оған цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, ғылым және стратегиялық минералдар қосылып отыр.
– Алдағы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынас ең алдымен екі елдің мүддесі тоғысатын салаларда дамиды. Бұл – инвестиция, сауда, энергетика, стратегиялық минералдар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, көлік байланысы, білім мен ғылым. Бұл ретте Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты серіктесі болып қала береді. Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші экономика әрі АҚШ-тың өңірдегі негізгі сауда серіктесі. Аймақтағы Америкалық инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға тиесілі, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, стратегиялық минералдар саласындағы әріптестік тек шикізат экспорттаумен шектелмеуі керек.
– Қазақстан үшін ең маңыздысы – ресурсты жай ғана экспорттау емес, оны ел ішінде өңдеу, бірлескен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беретін технологияларды тарту, – дейді Дәурен Әбен.
Оның пікірінше, дәл осындай тәсіл Қазақстанға тек инвестиция тартып қана қоймай, өндірістік және технологиялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, АҚШ әлі де әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің бірі болып қала береді. Алайда бүгінгі халықаралық жүйе 20-30 жыл бұрынғыдай бірполярлы емес. Қытайдың күшеюі, жаңа экономикалық орталықтардың қалыптасуы және геосаяси өзгерістер Вашингтонды да сыртқы саяси басымдықтарын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Ал Қазақстан үшін мұндай жағдайда ең маңыздысы ірі державалар арасындағы бәсекеде тепе-теңдікті сақтап, ұлттық мүддеге сай келетін әріптестікті тиімді пайдалану болмақ.