Тәуелсіздікке 33 жыл: Жетісу облысында 76 отбасы қоныс тойын тойлады

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 76 отбасы қоныс тойын тойлады.

баспана, үй
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы баспаналы болды. Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтар алды.

баспана, үй
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

— Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, — деді Жаркент қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Шынар Азатбекова.

Тәуелсіздікке 33 жыл: Жетісу облысында 76 отбасы қоныс тойын тойлады
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

Бұдан бөлек, өңірде медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан пайдануға берілді.

спорт, балалар
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

— Осы күні облыстың бірқатар ауылында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медициналық пункт салынды, — деп атап өтті Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тәуелсіздікке 33 жыл: Жетісу облысында 76 отбасы қоныс тойын тойлады
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі екендігін алға қойып отыр. Ауылды елді мекендерде ашылып жатқан осындай нысандар соның бір көрінісі.

— Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді. Панфилов ауданы Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды, — делінген Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ауылдық клуб
Фото: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий Ерофеев

Сонымен қатар, Панфилов ауданында алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды.

Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет талантты жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсететіні туралы айтқан еді.

Осы жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдаған болатын.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар