Тәуелсіздікке жол ашқан Егемендік декларациясында не айтылған еді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толды. Құжатты сол кездегі қазақ элитасы әзірлеп, бекітті. Құжат ішкі ғана емес, сыртқы саясатты жүргізуге, елдің тұтастығын сақтауға, территорияны бекітуге септігін тигізді.

а
Коллаж: Kazinform / Freepik

Егемендік декларациясы — Конституция негізі

Республика күні мерекелер қатарына қайта қосылғаннан бері Егемендік декларациясы туралы жиі айтыла бастады. Құр сөз емес, тарихқа үңіледі қазір.

Құжатта «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту — Қазақ КСР мемлекеттілігінің аса маңызды міндеттерінің бірі» деп жазылды.

Бұдан әрі территорияның бөлінбейтіні, оған ешкім де қол сұқпайтыны, келісімсіз пайдалануға болмайтыны туралы бөлімдері бар.

Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының доценті Асхат Кеңесовтің айтуынша, бұл құжат тәуелсіздікке жол салды.

— Егемендік декларациясы — Қазақстанның ең алғаш қабылдаған құжаты. 1990 жылдың 25 қазаны. Саяси тұрғыдан айтар болсақ, басқа мемлекеттермен салыстырғанда орталық Мәскеумен конфликтке келмей қабылданған құжаттың бірі осы. Ол біздің Қазақстанның тәуелсіздігіне негіз салып берді десек қателеспейміз. Ондағы бағыттар — 1991 жылы қабылданған Тәуелсіздік декларациясының, 1993 жылы қабылданған Конституцияның негізі. Онда қандай бағыттар болды? Саяси бағыт. Біз өзіміздің егемендігімізді жарияладық. Нәтижесінде ішкі саясатты да, сыртқы саясатты да өзіміз жүргізе бастадық. Сонымен қатар экономикалық бағыттарда еркіндік пайда болды. Территориялық тұтастықты сақтап қалуға мүмкіндік туды. Әрі қарай айтар болсақ, ұлт ретінде тұтастықты сақтауға мүмкіндік берді. Өйткені декларацияда қазақ тілі мәртебесі көрсетілген болатын. Яғни қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде аталды. Титулдық ұлт қазақ болып саналды, — деді Асхат Кеңесов.

Оның айтуынша, сол шақта егемендік элитасының кірпіші қаланды. Мықты саяси шешім қабылданып, қақтығысты болдырмады.

— Арба да сынған жоқ, өгіз де өлген жоқ. Ерекшелігі — қабылданған құжат жоғарыдан басталды. Халықтың оған қатысы болмады. Яғни зиялы қауым өзі қабылдады. Қазіргі таңда көптеген бағыттарды Конституциядан көре аламыз. Сонымен қатар декларацияда көрсетілген бағыттардың бірі — сыртқы саясаттағы қарым-қатынасты реттеу. Кеңес Одағының кезінде әркез Мәскеумен ақылдасатын едік. Декларация қабылданғаннан кейін бұл мәселе екінші орынға өтіп, басқа мемлекетпен қарым-қатынасқа шыға бастадық. Сыртқы саясатта мәдени, ғылыми, экономикалық шешімдер қабылдауға мүмкіндік болды, — дейді кафедра доценті.

саясаттанушы
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Егемендік туралы құжат территория тұтастығын айғақтады.

Асхат Кеңесовтің айтуынша, кеңестік авторитаризмнің негізінде қаланған алғашқы демократиялық құжаттың маңызын түсіну, Республика күні мен Тәуелсіздік күнін ажырата білу қажет.

— Екеуінің айырмашылығын айтамын. Ғалымдар пікірі екіге жарылады осы тақырыпта. Біреулер екеуі бір ұғым дейді. Екінші бір тобы «егемендікте тек жоғары билік тәуелсіз болады, тәуелсіздікте барлық билік тәуелсіз болады» дейді. Бұл француздың суверен деген сөзінен шыққан. ХVI ғасырда Жан Боден деген француздың қайта өрлеу дәуірінің өкілі осы суверен сөзін енгізеді. Жоғары биліктің еркіндігі, жоғары биліктің бостандығы. Өзім екеуі екі түрлі сөз деп есептеймін. Тәуелсіздік ол толықтай тәуелсіз болу деген мағынаны білдіреді. Өзім еркіндік деген дұрыс деп есептеймін. Дәріс кезінде осының бәрін айтып, түсіндіремін. Жастар мұны білуі керек. Егемендік декларациясы да, Тәуелсіздік декларациясы да — тарихи құжаттар. Конституцияда көрсетілген көп норма осы Декларациядан алынды, — деді ол.

Тәуелсіздікке бастау болған құжат

Қ.Жұбанов атындағы АӨУ аға оқытушысы, саясаттану магистрі Орынбасар Мұхитовтің де пікірін білдік. Оқытушы Егемендік декларациясына сүйеніп, елде маңызды шешім қабылданғанын айтады.

Мәселен 1990 жылғы құжатта «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге де түрлері (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және басқалар) үшін сынау полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылған.

а
Фото: Орынбасар Мұхитовтың жекер архивінен

— Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім осы құжаттың негізінде қабылданды деп есептеймін. Сонымен бірге сыртқы саясатта Қазақстан өз мүддесіне сай халықаралық қатынастар орната алатынын көрсетті. Құжатта басқа мемлекеттермен тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынас орната алатыны айтылды. Республикада мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылатыны жазылған. Сөйтіп құжат тарихи миссиясын атқарды. Бүгінде Конституцияның негізі осы болып тұр, — деді ол.

Айта кетейік, 25 қазан 1995-2001 жылдары ұлттық мереке ретінде атап өтілді. 2001 жылы аталған мереке мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

Алайда кейінірек 2009 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінің жарлығымен ол мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған-ды.

2022 жылдың жазында Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке қайта тойлана бастады

Соңғы жаңалықтар