Таяу Шығыстағы ахуал: мұнай бағасы кейінгі бір аптадағы ең жоғары деңгейге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Жұма, 25 қыркүйекте әлемдік мұнай бағасы АҚШ пен Иран арасында бітім жасалуы мүмкін деген болжамға байланысты өзгеріп отыр. Сонымен қатар нарық қатысушылары Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімі үзіліп қалуы мүмкін деген қауіпке алаңдаулы, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
25 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Brent маркалы мұнайдың желтоқсандағы фьючерстері 0,4% арзандап, баррелі 106,20 доллар болды.
Америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайының бағасы 1,1% төмендеп, баррелі 93,59 долларға жетті.
Мұнай нарығындағы жағдайға бірден бірнеше фактор әсер етіп отыр. Бір жағынан, инвесторлар Вашингтон мен Тегеран арасында келісім жасалу мүмкіндігін бағалап жатыр. Егер тараптар келісімге келсе, шиеленіс бәсеңдеп, Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу қайта қалпына келуі мүмкін. Екінші жағынан, Сауд Арабиясының энергетикалық нысандарына шабуыл жасалуы ықтимал деген қауіп те сақталып отыр.
Осы апта қорытындысы бойынша Brent бағасы әзірше шамамен 2,2% өскен, ал WTI шамамен 6,8% төмендеді. Екі негізгі мұнай маркасының бағасы арасындағы айырмашылық мамыр айынан бергі ең жоғары деңгейге жетіп, баррелі шамамен 12,6 доллар болды. Сарапшылар мұны жаһандық мұнай жеткізіліміне қатысты геосаяси тәуекелдердің жоғары болуымен және АҚШ нарығындағы жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақты болуымен байланыстырады.
Бір күн бұрын мұнай бағасы кейінгі бір аптадағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Сауда барысында Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықтың күшеюіне байланысты Brent пен WTI маркаларының бағасы шамамен 5% өсті.
Бұған дейін Сауд Арабиясы мұнайды Ормуз бұғазын айналып өтіп, Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портына жеткізетін East-West мұнай құбырының жұмысын қайта бастады. Осы бағыт арқылы мұнай жеткізудің қайта жандануы бұған дейін оның бағасының төмендеуіне әсер еткен.
Еске салайық, осы аптада Brent маркалы мұнай Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты барреліне 105 доллардан төмендеді