Таяу Шығыстағы шиеленіс: Дубайдан қазақстандық туристерді жеткізген екі ұшақ Алматыға қонды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – FlyDubai әуе компаниясының екі рейсі қазақстандық туристерді бортпен Алматыға жеткізді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

два самолета с казахстанскими туристами из Дубаи прибыли в Алматы
Фото: Видеодан алынған скрин

Еске сала кетейік, 13 маусымда Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты бірқатар әуе компаниясы Дубай мен Абу-Дабиден аймақтарға, оның ішінде Қазақстанға рейстерді уақытша тоқтатқан болатын.

Бұған дейін ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңістігі мен оған жақын аумақтарға ұшуға толық тыйым салғанын хабарлаған еді. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.

FlyDubai компаниясының бүгін сағат 2:45 пен 6:19-да қонған рейстері аталған аумақтарды айналып өтіп, 13 маусымда ұша алмаған 332 туристі және жоспарлы жолаушыларды елге жеткізді.

– 13 маусымда Дубайдан ұша алмаған барлық туристер «Туристік Қамқор» қорының қатысушы туроператорлары тарапынан ҚР Туризм және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Елшілігінің үйлестіруімен қонақүйлерге орналастырылды. Қазір олардың елге қайтуы жоспарланып жатыр, бір бөлігі түнгі рейстермен бүгін елге оралды, – деп мәлім етті Туризм және спорт министрлігінің өкілдері.

Министрлік бұрын хабарлағандай, қазақстандық туристерге Таяу Шығыстағы жағдайды мұқият бақылап, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктері мен Парсы шығанағы елдеріне сапарларын мұқият жоспарлау ұсынылады.

– Туризм және спорт министрлігі жауапты мемлекеттік органдармен, елшіліктермен және туроператорлармен тұрақты байланыста. Қажет болған жағдайда министрлік «Туристік Қамқор» және әуе компаниялармен бірлесе отырып, туристерді елге қайтаруды қамтамасыз етеді, – делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін алты қазақстандық Ираннан Әзербайжан шекарасы арқылы эвакуацияланған болатын.

Соңғы жаңалықтар