Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейген сайын мұнай да қымбаттап барады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты әлемдік мұнай нарығында баға қайта өсе бастады.
Дүйсенбі күні Brent маркалы мұнайдың құны бір баррель үшін 93 долларға көтеріліп, 2 пайыздан астам өсті.
Ал WTI маркалы мұнайдың бағасы 89 доллардан асып, шамамен 3 пайыз қымбаттады.
Нарықтағы өсімге әлемдік энергия ресурстары жеткізіліміне қатысты алаңдаушылық себеп болып отыр. Сонымен қатар Израильдің Ливан аумағына жасаған әуе шабуылдары туралы хабарлар да мұнай бағасының көтерілуіне ықпал етті.
Бұған дейін Иран мен АҚШ-тың келісімге келуге жақын қалғаны хабарланған еді. Алайда жұма күні өткен кездесудің қорытындысы бойынша құжатқа қол қойылмады. Келісім бітім мерзімін ұзартуды және Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын толық қалпына келтіруді көздейді.
Сондай-ақ Иранның Ормуз бұғазындағы қозғалысты реттеудің жаңа тетігі жөнінде Оманмен келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Ал Ресейдің Urals маркалы мұнайының бағасы төмендеп жатыр. Сауда деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта бұл мұнайдың бір баррелінің құны – 82 доллар. Кейінгі бір айда оның бағасы 25 пайыздан астам төмендеген.
Еске салайық, бұған дейін Brent мұнайының бағасы 11 мамырдан бері алғаш рет 99 доллардан төмен түскенін хабарлағанбыз.