Таяуда Қазақстаннан қай елдерге жаңа рейстер ашылады

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі алдағы уақытта шетел бағытында ашылатын жаңа әуе рейстері жайында мәлім етті.

Қозоғистон ва Хитой ҳафталик авиарейслар сонини 152 тага етказди
Фото: pexels

- Халықаралық әуе тасымалдары нарығы тұрақты түрде дамып келеді. Бүгінде ұшулар 32 елге 161 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Кейінгі тапсырмалар аясында 2026-2027 жылдары Гонконг, Токио, Париж, Рим, Вена, Нью-Йорк және басқа да қалаларды қоса алғанда, жаңа бағыттар бойынша тікелей халықаралық рейстерді ашу мәселелері пысықталып жатыр, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Жыл басынан бері Ереван, Ларнака, Гуанчжоу, Ұлан-Батыр, Батуми, Шанхай, Баку, Варшава, Ташкент, Орынбор, Измир және басқа да қалаларға рейстер ашылып, қайта қалпына келтірілді.

- Осы жылдың соңына дейін Алматы – Үргеніш, Ақтөбе – Баку, Алматы – Чунцин, Ханой – Алматы – Прага, Астана – Инин және басқа да бағыттар бойынша жаңа рейстерді іске қосу жоспарланған, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Бұған дейін хабарланғандай, Астана халықаралық әуежайынан Ыстанбұлға қатынайтын тұрақты рейстер саны көбейді.

Биыл көктемде Премьер-министр Олжас Бектенов министрлікке Қазақстаннан тікелей жөнелтілетін халықаралық рейстерді көбейтуді тапсырды.