Тайландта құрылыс кранының пойыз үстіне құлауы салдарынан мерт болғандар саны 32-ге жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Тайландта құрылыс кранының жолаушылар пойызының үстіне құлауы салдарынан мерт болғандар саны 32-адамға жетті. Бұл туралы Thai PBS телеарнасына сілтеме жасап Belta хабарлады.
Тайландтың Накхонратчасима провинциясының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 14 қаңтардың кешіне қарай зардап шеккендердің жалпы саны 99 адамға жеткен. Оның ішінде 32 адам қаза тапқан, үш адам хабар-ошарсыз кеткен, қалғандары әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Бұған дейін 22 адамның қаза тапқаны және 79 адамның жараланғаны хабарланған еді. Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға болған сәтте пойызда барлығы 195 жолаушы болған.
BBC дерегінше, апат 14 қаңтар күні таңертең Тайландтың солтүстік-шығысындағы Накхонратчасима провинциясында болған. Кранның құлауы салдарынан пойыз рельстен шығып, артынша өрт тұтанған. Қазір оқиға орнында құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Корольдік билік апаттың себеп-салдарын анықтау үшін жан-жақты әрі мұқият тергеу жүргізуді тапсырды. Қайғылы оқиға Тайландтағы көлік қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Осыған дейін Тайландтың солтүстік-шығысында құрылыс краны құлап, жолаушылар пойызы рельстен шығып кеткені туралы жаздық.