«Таза Қазақстан»: ШҚО-да 120-дан астам қоқыс үйіндісі анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 6 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған республикалық экологиялық акция аясында тәртіп сақшылары абаттандыру ережелері мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қатаң бақылауға алды.
— Өңір көшелерінде күн сайын тексерулер жүргізіліп, бейнебақылау камералары мен заманауи мониторинг жүйелері пайдаланылып жатыр. Осы жылдың басынан бері 6 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 4,8 мыңға жуығы аумақтарды абаттандыру ережелерін бұзуға қатысты болса, тағы бір мыңнан астамы жалпы пайдалану орындарын ластауға байланысты, — делінген ақпаратта.
Сонымен қатар облыс аумағында 120-дан астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталып, әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбеде заңсыз қоқыс алаңдарын уақытылы тазартпаған әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылғаны хабарланған.