Тәжікстан лаңкестікпен күрестің өткір тұсында тұр - Н.Назарбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы лаңкестікпен күрес ісінде Тәжікстанды «форпост» деп атады.
Мұндай пікірді Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының басшысы Эмомали Рахмонмен келіссөздер қортындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған мәлімдемеде айтты. «Тәжікстан лаңкестікпен және экстремизммен күрестің өткір тұсында тұр», - деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы бұған Ауғанстанмен шекараның жақындығы да ықпал ететіндігін атап өтті. «Үнемі бұл жерде Тәжікстанды түртпектеп, тұрақсыздандыруға, дендеп енуге тырысады. Іште орын алған соңғы оқиғаға сырттан ықпалдың болуы әбден мүмкін. Осы күрделі жағдайды біз жақсы білеміз және бұл жерде Тәжікстан форпост сияқты. Біздің құқық қорғау органдары мен арнайы органдар ынтымақтасуы қажет», - деді Н. Назарбаев.