Тәжікстан Орталық Азиядағы экономикалық әлеуетті дамытуға, тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның әрбір бастамасын оң бағалайды - ТР Маджлисі төрағасы
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбутәліп Ахметов Тәжікстан Парламенті төменгі палатасының жаңадан сайланған төрағасы Шукурджон Зухуровпен кездесу өткізді.
Кездесу кезінде Ш.Зухуров Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты өңірлік көлемдегі емес, әлемдік ауқымдағы зерделі саясаткер деп атай отырып, онымен қызмет бабында таныс болғандығын аса қадірлейтінін жеткізді, деп хабарлады Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда Қазақстанның басшысы индустриялық-инновациялық тұрғыдан одан әрі дамудағы ел басымдықтарын нақты белгілеген, қазақстандық экономиканың серпінді дамуы жөнінде анық міндеттер қойған деп атап өтті. «Тәжікстан Орталық Азиядағы экономикалық әлеуетті дамытуға, тұрақтылық пен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның әрбір бастамасын оң бағалайды», - деп мәлімдеді Тәжікстан Маджлисінің төрағасы.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Тәжікстан Республикасы Маджлиси Намаяндагон Маджлиси Олий арасында парламентаралық байланыстарды нығайту және дамыту шеңберіндегі бірлескен іс-шаралардың маңызды рөл атқаратыны анық, деп атап өтті Ш.Зухуров.
Осы орайда, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық қатынастарды одан ары нығайту мақсатында өзара парламенттік делегациялар сапарларын жандандыру жөнінде пікір алысу өткізілді.