Тәжікстандағы «Бейбіт миссия-2012» оқу-жаттығуына Талдықорған мен Астана десантшылары қатысады
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлері «Бейбіт миссия-2012» оқу-жаттығуы өтетін ауданға жеке құрамды жеткізу жұмыстарын аяқтады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстаннан аталмыш оқу-жаттығуға Талдықорған мен Астана десантшылары қатысады.
Тәжікстанға Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев келді. Оған оқу-жаттығуға дайындық іс-шаралары мен Қазақстан Қарулы күштерінің әскери басқарма органдарының қатысуына басшылық ету тапсырмасы артылды.
Худжанд қаласына келген генерал алдында ҚР Құрлық әскерлері бас қолбасшысының Басқармасы Жауынгерлік даярлық бас басқармасы бастығының орынбасары полковник Руслан Мұздыбаев жалпы жағдай туралы есеп берді.
Қазіргі таңда Аэроұтқыр әскерлерінің батальонды-тактикалық тобы Худжанд қаласынан (бұрынғы Ленинабад қаласы) 30 шақырым жерде орналасқан Чорух-Дайрон полигонының шатырлы лагерлерінде орналыстырылды. Десантшылар жауынгерлік кезекшілік кестесін жасап, күнделікті жауынгердің тұрмысына кірісті.
Талдықорғандық десантшылар үшін бірлескен әскери әрекеттерге қатысу үйреншікті іс болып табылады. Олар Тәжікстанда екі апта бойы болады. Осы уақыт ішінде олар Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Қарулы күштерінің әскери әріптестерімен бірге бірлескен әрекеттерді игеріп, меңгереді.
ШЫҰ қатысушы барлық мемлекеттердің әскери контингенті оқу-жаттығу өтетін аймаққа толығымен жетті. Қытай және Қырғызстан бөлімшелері Чорух-Дайрон полигонына өздерінің машиналарында келді. Душанбе ауданында орналасқан ресейлік 201-ші дивизия мотоатқыш батальоны БТР-80 техникасында 400 шақырым жол жүріп келді.
Әскери басқарма органдары дала жағдайында өздерінің бірінші кеңесін өткізді. Отырыс барысында басшылықтың бірлескен штабы іс-әрекеттердің кесте-жоспарын талқылады. Қазақстаннан басшылар штабының құрамына Құрлық әскерлері басқолбасшысы Басқармасының, Әуе қорғаныс күштері Әскери-әуе күштері қолбасшысы Басқармасының жедел-оперативті топтары кірді.