Тәжікстан мен Қытай «мәңгілік достық» туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM - Тәжікстан мен Қытай басшылары мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Лидеры Таджикистана и Китая подписали Договор о вечной дружбе
Фото: Тәжікстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.

Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі мәліметінше, жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер қорытындысында екі ел арасында 31 жаңа ынтымақтастық құжаты рәсімделген.

— Екі мемлекет басшысы — құрметті Эмомали Рахмон мен құрметті Си Цзиньпин жаңа дәуірдегі жан-жақты ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы Тәжікстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесіне, сондай-ақ екі ел арасындағы мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжаттың басты ұраны — «Мәңгілік дос, ешқашан жау емес», — деп хабарлады Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі.

Құжат Душанбе мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Келісім ынтымақтастықтың кең ауқымын қамтиды.

Атап айтқанда, саяси консультациялар, сауда-экономикалық байланыстар, мәдени алмасу және қауіпсіздік мәселелері құжатқа енгізілген.

Осыған дейін Тәжікстан мен Қытай 8 млрд доллардан астам сомаға келісімшарттарға қол қойғаны туралы жаздық.