Тәжікстан Нипах вирусының алдын алу үшін эпидемиологиялық бақылауды күшейтті
АСТАНА.KAZINFORM – Тәжікстан қауіпті Нипах вирусының алдын алу үшін ел шекараларында санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтті. Қазіргі уақытта вирустың таралу қаупі жоқ, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Тәжікстанның денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Жамолиддин Абдуллозода Душанбе әуежайларында вирустың таралуын болдырмау үшін қашықтан тексеретін термометрлер орнатылғанын хабарлады. Бұл құрылғылар Үндістаннан келген жолаушыларды қоса алғанда, барлық жолаушының жағдайын бақылайды. Вирусты анықтау үшін Ресейден әкелінген диагностикалық сынақтар да қолданылады.
– Нипах вирусының белгілеріне жоғары температура, бас ауруы, әлсіздік жатады. Егер мұндай белгілер анықталса, адамдар дереу оқшауланып, тиісті медициналық тексеруден өтеді, - деді Тәжікстанның денсаулық сақтау министрі.
Ол Тәжікстанда тропикалық жарқанаттардың кейбір түрлері тасымалдайтын вирустың таралуы үшін табиғи жағдай жоқ екенін атап өтті.
Бұдан бұрын Тәжікстан әскери дәрігерлер дайындауға кіріскенін жазғанбыз.