Тәжікстанда жарнаманы эфирге шығару талаптарын бақылайтын орталық құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстанда «Теледидар және радио желілерінің бірыңғай жарнама орталығы» атты мемлекеттік мекеме құрылды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Теледидар және радио комитетінің төрағасы Носир Саидзода мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Тәжікстанда жарнаманы эфирге шығару талаптарын бақылайтын орталық құрылды
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Орталық құрудың мақсаты – жарнаманы тарату процесін реттеу. Барлық жарнама бірыңғай орталықта қабылданады, содан кейін тапсырыс беруші таңдаған телеарналар мен радиостанцияларға орналастырылады, - деді Н. Саидзода. 

Ол жарнама берушілер материалдарды онлайн режимінде ұсына алатынын және олар эфирге шыққан кезде хабарландырулар ала алатынын түсіндірді. Бұл клиенттер үшін жарнаманы орналастыру процесін айтарлықтай жеңілдетеді.

Орталық тек жарнама материалдарын орналастырумен ғана емес, оларды дайындаумен де айналысады. Бұдан басқа, олардың тіл стандарттарын қоса алғанда хабар тарату талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 

Бұған дейін Тәжікстан экономикасы 2025 жылы 8,4%-ға өскенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар