Тәжікстанның мемлекеттік қарызы 3,4 млрд долларға жетті
ДУШАНБЕ. KAZINFORM – Тәжікстан үкіметі сыртқы қарыздарды өтеу үшін биыл 380 млн долларға жуық қаражат бағыттамақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Тәжікстанның Қаржы министрі Файзиддин Каххорзоданың мәліметінше, 3,4 млрд доллар болатын мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 25,2% тең.
Қарыздың 89% халықаралық қаржы ұйымдарына тиесілі болса, қалған 382 млн доллар ішкі қаржы көздерінен алынған ақша.
Былтыр оларды өтеуге Тәжікстан үкіметі 299,2 млн доллар бағыттаған. Оның ішінде 204,3 млн доллар негізгі қарызға жұмсалса, 94,9 млн доллар пайыздық үстемені жапқан.
Ресми Душанбенің басты кредиторы – Қытай. Бұл елдің алдындағы қарыз шамамен 1 млрд долларға жуықтайды. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк ($370 млн), Азия даму банкі ($260 млн), Ислам даму банкі ($212 млн), Еуропалық қайта құру және даму банктерінен ($167 млн) алынған несиелер бар.
Биыл Тәжікстан қарыздарды өтеу үшін 4,15 млрд сомони (шамамен $380 млн) бөледі. Бұл бюджет шығыстарының 8,1 пайызына тең.
Айта кетейік, былтыр Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі 8,4%-ға өсті. Экономикалық даму және сауда министрі Завкизода Завки Аминнің айтуынша, геосаяси жағдайларға қарамастан, елдің макроэкономикалық даму тұрақты.
- Мемлекеттік стратегиялар мен бағдарламаларды жүзеге асыру макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақты ұстап тұруға ықпал етті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнім көлемі 8,4%-ға өсіп, 153,4 млрд сомониге жетті (шамамен $14,1 млрд). Бұл ретте инфляция тұрақты деңгейде, яғни 3,6% шамасында қалды, - деді министр БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында.
Қоса кетсек, былтыр Тәжікстанда жемқор шенеуніктер мемлекетке 40 млн долларға жуық шығын келтірді.
Сондай-ақ, Тәжікстан үкіметі утильалым мөлшерін өзгертуді жоспарлап отыр.