«Театр туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданатын болса, көп мәселе шешімін табар еді - Тұңғышбай әл-Тарази

АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Театр және басқа өнер ордалары - мәдениетімізді сақтайтын рухани орталықтар. Олар халықтың жан-дүниесін байытуға қызмет жасайды. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелейтіні анық. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа қоғамын қалыптастыруда театрлардың алатын орны ерекше.

 «Театр туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданатын болса, көп мәселе шешімін табар еді - Тұңғышбай әл-Тарази

Осы орайда, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, театр және кино актері, режиссер, Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай әл-Тарази (Жаманқұлов) өз ойларын ортаға салды.

- Тұңғышбай Қадырұлы, Сіз еліміздің Театр қайраткерлері одағының төрағасысыз. Осы саланың бүгінгі проблемаларын Сізден артық білетін адам аз шығар. Қазақстан театрларының жағдайы қалай? Қандай мәселелерге баса назар аудару қажет? Көкейкесті ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Қазақстан өзінің театр өнерін дамытуда тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең ішінде біраз істер тындырды. Басқа елдер барынан айрылып, өнер ордаларын жауып жатқанда, Елбасымыздың жеке қамқорлығымен, тікелей қатысуымен кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жаңадан 10-нан астам театрлар ашылды. Бұл салада жасалып жатқан іргелі істерге, елеулі жетістіктерімізге көңіл марқая отырып, мәдениетіміз бен өнерімізде, соның ішінде рухани өміріміздің ажырамас серігіне, қоғамдық-әлеуметтік өлшеміміздің айнасына айналған - театр өнерін өркендетуде әлі де болса қиюы келмей жатқан тұстарды тереңнен ашып қарайтын кез келген секілді.

Қазақстан театрларының бүгінгі жеткен белесін, бағындырған көркемдік деңгейін сақтап қалу қажеттігі қай кезде де күн тәртібінен түскен жоқ. Оның зымыраған уақыт тынысын сезетін, замана тыныс-тіршілігімен қатар соғар жүрек дүрсілін айқындайтындай толыққанды жұмыс жасауына жағдай жасау, қоғамдағы орнын құқықтық тұрғыдан қайта қарауды, заң шығару және атқарушы билік органдарымен қайшылыққа түспей, керісінше, түсіністікпен, шығармашылықпен жұмыс жасауына мүмкіндік беретіндей етіп реттеу қажеттігі - бүгінгі күніміздің басты мәселесі. Театр көңіл көтеретін немесе демалатын орын еместігін алдымен шенеуніктер ұқпайынша, бұл өнер «еріккеннің ермегі, жынды әртістердің далақпай тіршілігі» деген сыңаржақ көзқарастан арылмайды, ел мәдениетінің, ұлт интеллектісінің көрінісі ретіндегі жоғарғы әлемдік өлшемдегі сатыдан орын ала алмайды. Өнерпаздарын «аутсайдер» еткен, ішер ас, киер киімде жадау күйге ұшыратқан мемлекеттің абыройы асқақтамасы аян ғой. Егемен еліміздің жаңа даму белесінде өнер мекемелерінің алдына қойып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың театр өнерін дамыту жолындағы соны талаптары үрдісінен шығу үшін театр шығармашылдығының критерийлерін қайта қарап ұйымдастыру керек және оны басқару моделінің құрылымдық шараларын әлемдік үрдісте қарастырған жөн.

Қазақстан театрларының әлеуметтік және шығармашылық жағдайы, әсіресе, облыстық театрлардың жай-күйі әлемдік өре биіктігі тұрғысынан алғанда сын көтермейді деуге болады. Қазақстандағы театрлардың жалпы саны 54 деп есептеледі. Олардың үшеуі - опера балет, 16-сы - орыс, 9-ы - қуыршақ театры. Сондай-ақ кәріс, неміс, ұйғыр театрларын, Сайрамдағы өзбек театрын қосқанда, 4 ұлттық театр бар. Ал Өскемен мен Ақтөбеде орыс және қазақ труппасы бір театр, яғни, ресми бір мекеме болып саналады. Сол сияқты біраз облыстарда негізгі құрамға қосақталған қуыршақ труппалары да бар. Олардың бәрінің де өмірі мен өнерінің тағдыры, өте аз мөлшерде бөлінетін қаражат көзі облыстық әкімшілікке телінген. Театр қызметкерлерінің жалақылық қоры - орташа өмір сүру деңгейінен әлдеқайда аз. Сондықтан олар қайыршылық күй кешуде. Ал кейбірінің шығармашылық деңгейлері, жасырмай қатты айтқанда, көрген кісіні ұялтып, төмен қаратады. Бұл мәселелер тіптен назардан тыс қалуда, айналысып жатқан ешкім жоқ. Театрдың, әсіресе, оның зәулім ғимаратының, қайсыбір режиссері немесе актерінің облыстық әкімшілікке тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шараларын өткізу үшін ғана қажеттілігі бар. Шығармашылық ұжымның репертуарында қандай пьесалар, қалай қойылып, оны қай актер қалай орындап жүр, мұнымен олардың шаруасы болмайды және ол мәселені айқындап, саралап бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Әйтеуір бір қуаныштысы, Қазақстанда бірде-бір театр жабылған жоқ, қайта он шақты жаңа өнер ошағы шаңырақ көтерді. Бір-бірімен жарыса салынған немесе күрделі жөндеуден өткен 38 театр ғимараты, әрине, көз қуантады.

- Халықтың қуанышына айналған, заман талабына сай салынған театр ғимараттарын атап өтсеңіз?

- Олардың ішінде Қарағанды қаласында Нұрлан Зайроллаұлы Нығматуллин облыс әкімі болып тұрған кезінде ерекше дизайнды, ең көрнекті алаңға асқан ықтияттылықпен С.Сейфуллин атындағы қазақ театры үшін жаңадан ғимарат салынды. Сондай-ақ осы жылдың қаңтарында Қостанай қаласында І.Омаров атындағы қазақ театрына сол тұстағы облыс әкімі С.Кулагин су жаңа ғимараттың кілтін табыс етті. Елбасымыздың ізгі ниетімен атқарылып жатқан ол игі істер мен шынайы қамқорлықтар қазақстандық театрлардың ішкі шығармашылық деңгейін көтеруге зор ықпал ететіні сөзсіз.

- Ал енді көңіл аударылуы тиіс мәселелерге жеке-жеке тоқталсаңыз?

Уәжіміз нақты болуы үшін құжаттық ақпарларға жүгінейік. Қазақстандағы 54 театрдың алтауының жеке ғимараты жоқ. Олар - Семейдегі Ф.Достоевский атындағы орыс, Шымкенттегі орыс, Көкшетаудағы орыс, Тараздағы орыс, Ақтөбедегі әзіл-сықақ театрлары. Төрт театрда әлі күнге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Олар - Шымкенттегі қуыршақ, Арқалық қаласындағы қазақ жасөспірімдер және Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы театрлар. Алматыдағы Республикалық неміс театрының жөндеу жұмыстары жоспарсыз ұзақ жүргізілгендіктен актерлері әр есікке бас сұғып, әлекке түсіп жүр. Бүгінгі күні 22 театрдың ұжымы пәтерге мұқтаж. Баспанасыз жүрген қызметкерлердің саны өте көп. Таратып айтпай-ақ, бір ғана К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында бұрын 100 еді, қазір 20 адамға берілді, сонда 80 адам баспанасыз жүр. Шымкенттегі опера және балет театрында - 22, Ақтөбеде - 25, Өскеменде - 21, Алматыдағы Н.Сац театрында - 17, осылай кете береді. Сонымен бірге Оралдағы А.Островский атындағы театрда, Шымкенттегі орыс, әзіл-сықақ, қуыршақ, Жетісайдағы Қ.Жандарбеков атындағы, Арқалықтағы қазақ жасөспірімдер, Семейдегі Абай атындағы қазақ, Қарағандыдағы академиялық музыкалық драма театрларының актерлері көп жылдар бойы ешқандай да пәтермен қамтамасыз етілмеген.

Жоғарыда айтылғандардың тікелей әсерінен аймақтардағы театрларда кәсіби маман тапшылығы ушығып тұрғаны жасырын емес. Бәрінде дерлік, өрелі режиссер, талантты актерлер, басқа да кәсіби мамандар жеткіліксіз, жоқтың қасы десе де болады. Өйткені жоғарғы оқу орнын бітіргендер ол жаққа ат ізін салмайды. Бәрі Алматы мен Астананың теледидар, радио, киностудияларын төңіректеп, тіпті күн көру үшін той-томалақтарды жағалап жүр.

- Өнер ұжымына дарынды жастардың тұрақтамауына не себеп?

- Себеп көп. Ең біріншісі - өте төмен жалақы. Мысал келтірейін. Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе театрында актер 27 300 теңге, Махамбет атындағы Атырау театрында 30 мың теңге, Шымкенттегі опера және балет театрында 32 мың теңге, Сайрамдағы өзбек театрында 25 мың теңге, Түркістан театрында 34 мың теңге, Шымкенттегі қуыршақ театрында 29 мың теңге, Тараздағы қазақ театрында 31 мың теңге жалақы алады. Өзге театрларда да осы деңгейде. Республикамыздан ай сайын шығатын жалғыз «Театр.kz» журналымызға жазылу бір жылға 6000 теңге көлемінде. Осының өзін қиын, қымбат көретін аймақтағы әріптестерімізге қалай өкпе арта аламыз? Ең жоғарғы жалақылық көрсеткіш М.Әуезов театры мен Абай атындағы, сондай-ақ К.Байсейітова атындағы опера және балет театрларында ғана. Онда да М.Әуезов театрында базалық лауазымдық жалақысы - 17 697 теңге. Оған 2.64 есе коэффициент қосылады. Тағы арнайы 1,72 есе коэффициентті министрлік қосады. Жоғарғы категориясына тағы да 8 мың қосылады. Сонда барлығы 89 мың теңге болады. Салыстырмалы түрде алсақ, Ресейдің мемлекеттік театрларындағы жас актерлердің айлық жалақысы 2000 АҚШ доллары төңірегінде екеніне мен куәмін. Біздің министрлік пен театр басшыларының БАҚ беттерінде қомпайтып көрсетіп жүрген 120-130 мың теңгесі ұжым басшысының, яғни, театр директорының өзінің тапқан ақшасынан, жеке қорынан қосатын 50 пайызбен қосқанда есептеген түрі, бұл да мақтанып айтатындай, актердың жыртығын жамауға жетеді деуге бола қоймас. Ал Қазақстанның халық артисі сияқты құрметті атағы бар артиске ай сайын бар болғаны 1700 теңге ғана қосылады! Атынан ат үркетін үлкен ақсақалымыз, халық артисінің өзі зейнеткерлікке шыққанда оған 39 мың теңге зейнетақы тағайындалады екен!!! Зейнетақы қорына ай сайын жіберген он пайызымыздың қызығы мен өсімі сол қорларды басқарушылардың қалтасында екені де белгілі болды, ол өсім тұрмақ, тіпті өз ақшасын аларда қорлық көріп жүргендер жоқ емес.

Облыстық театрлардың актерлері мен режиссерлері құзырлы мекеме - Мәдениет министрлігінің тікелей назарында болмай, өз өңірінде ғана оқшауланып, жетімдіктің күйін кешуде. Олар аулақта болса да, жанкештілікпен жасаған көркем туындыларының, талантты актердің шебер ойынының, режиссердің өресі өзге қойылымының, қалыбы мен пошымы бөлек театр суретшілерінің азапты еңбегінің көзге ілінбей, тіпті ұмыт қалып жататыны жасырын емес.

- Қазір қоғам да, адам да өзгеріп жатыр. Өнер ұжымының басшылық жүйесі қалай қалыптастырылғаны жөн деп ойлайсыз?

- Баяғыдан келе жатқан басқару жүйесі көркемдік жетекші - бас режиссер деген қызмет лауазымдарының уақыты өткен. Олардың бәрі театрдағы шығармашылық деңгейдің өсуіне кедергі келтіретіні белгілі. Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы репертуарлық, ерікті актерлік ойын мен құлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады. Түптеп келгенде, бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Өз қалауы бойынша репертуар таңдауда одан кейінгі режиссерлерге мүмкіндік берілмейді. Осыдан барып орташа спектакльдер, қызықсыз рөлдер пайда болады. Құрылымдағы басты режиссерге, көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткер еркіндігі аяқасты болады. Мысалы, Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ театрындағы ұжымның 90 пайызы, осы театрға 20 жылдан астам жетекшілік еткен режиссер Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының ұжымға жаңа леп, үрдіс әкелмегеніне қарсы шығып, көтеріліс жасады. Ал Тәпенов мырза «менсіз күн көре алмайсыңдар» дегендей, өз еркімен театрдан кетіп қалған, шамасы, жалынып шақырып аласыңдар деген болуы керек. Алайда, ол театр бас режиссерсіз-ақ қалыпты өмір сүріп жатыр. Сондықтан дүние жүзіндегі театр әлемінде болып жатқан ізгі жаңалықтарды, жақсы үрдістерді пайдалана білуіміз керек. Бір театрда неше түрлі бастықтың болғаны қажет емес деп ойлаймын. Өзі директор, өзі режиссер, өзі бас режиссер, өзі көркемдік жетекші, өзі көркемдік кеңестің төрағасы - сонда бәрі бір адам! Режиссерлер ұжымға басшылық жасағаннан гөрі, өзінің спектакліне ғана жетекшілік етіп, театрлардағы өзі қойған спектакльдердің көркемдік деңгейін ғана ойлайтын жағдайға жету үшін мынадай неше түрлі басшылықты атқарудың қажеті жоқ. Біз тек қана бір мәселені айтып отырмыз. Ол - театрды неше түрлі қабат-қабат басқарудан арылтудың және ең бастысы режиссер деген еркін суреткерді (бастықты емес!) шығармашылдық еркіндікке жеткізудің жолы.

- Бүгінгі таңда Қазақстан театр қайраткерлер одағы біраз мәселе көтеріп жатыр. Бірақ қолы қысқа. Театрлардың шығармашылдық өресі кеңейе түсу үшін қандай мүмкіндіктер жасалғаны абзал болар еді? Осы саланы дамыту туралы қандай пікір қосар едіңіз?

- Шынын айтайын, кейде телефонмен байланыс жасауға қаражатымыз тапшы болып жатса да, орталық офисі Парижде орналасқан, мүшелігіне 100-ден аса мемлекет кіретін ІТІ - Халықаралық театр институтымен, сондай-ақ былтыр күзде ғана Қытайдың Чунцин қаласында құрылтайы өткен АТА - Азия Театрларының Альянсымен Қазақстанның абыройы үшін толық мүше болуға ниет қылып, байланыс жасадық. Қазақстандай қарқара елімізге, елдің маңдайына біткен, есімі әлемге әйгілі Елбасымызға сүйеніп, Халықаралық Азия театрларының алғашқы фестивалін әсем елордамыз - Астанада өткізейік деген ұсыныс жасадық. Әйтсе де екіұдай ойдамыз. Өйткені осы игі істер жайында тиісті мемлекеттік мекемелердің құлағына салғанымызда, әзірге мардымды жауап ала алмай отырмыз. Мәскеудегі театр қайраткерлері одақтарының конфедерациясына мүшеміз, алайда оларға жылына бір төленетін 700 евро жарнаны таба алмай ұяттымыз. Жоғарыда сөз қылған екі бірдей еңселі халықаралық ұйымға мүше болуға батылдығымыз жетпей жүргенінің себебін ұққан боларсыз... Шығармашылдық одақтар жеке адамдардың әуестіктерімен құрылған ит ұнататындардың, балықшылардың, «көгілдірлердің» құрылымдары емес қой. Осы мәселе де назар аударатын-ақ проблема. Айналдырған бес-алты шығармашылық одақ бар. Нақты айтсақ, жазушылар, суретшілер, сәулетшілер, киногерлер, театр қайраткерлері одақтарын қайыршыландырмай, қарыштап дамып бара жатқан қоғам қатарына қосып, аппараттарындағы жеті-сегіз маманына жалақы төлеу бюджеттен қарастырылса, кедей болып қалмаспыз деп ойлаймын.

Сондықтан нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолдарының бірі осы мәселені түбегейлі қайта қарап, театр өнерінің нарықтық қатынастар мен заманауи талаптарға, әлемдік деңгейге сай болатындай қойылымдардың нарқын биіктететін мүмкіндік тудыратын жаңа қазақстандық театр заңнамасын жасауды көздейтін «Театр туралы» заң жобасы дайындалып, қабылданатын болса, көп мәселе шешімін табар еді. Осы заңның аясында облыстық театрларды қараусыз қалдырмауды, министрліктің құзырына қайтарудан бастап, өзекті мәселелерді шешудің жаңа жолдарын іздеу керек деп ойлаймыз. Ол бәлкім министрлік жанынан құрылатын Қазақстан театрлары деп аталатын басқарма, не агенттік бола ма, әлде басқа жолы бар ма, осыны тезірек ойластыру керек. Біздің көрші елдеріміздің көбінде мұндай құрылымдар бар.

- Рақмет әңгімеңізге.