Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тегеранда электр энергиясын артық тұтынған 500-ден астам мекеме жарықсыз қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі жаз мезгілінде электр энергиясын тұтынуды бақылауды күшейтті. Тегеранда белгіленген нормаларды бұзған 500-ден астам мемлекеттік мекеме электр желісінен ажыратылды, деп хабарлайды Anadolu.

о
Фото: Anadolu Ajansi

Тегеран электр тарату желісі компаниясының бас директоры Махмуд Махмудидің айтуынша, жаз айларында электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынуы тұрақты бақылауда.

– Тегеран мен оған іргелес аудандарда шамамен 4 400 мемлекеттік мекеме жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін белгіленген тұтыну нормаларын әртүрлі уақытта асырған 500-ден астам ұйымның электрмен жабдықталуы тоқтатылды, – деді ол.

Оның айтуынша, шектеулер энергия тұтыну деңгейі белгіленген көрсеткіштерге қайта түскенге дейін сақталады.

Махмуди мемлекеттік мекемелерге энергия үнемдейтін жарықтандыру жүйелерін қолдануға, автоматтандырылған басқару жүйелерін орнатуға, кондиционерлердің температурасын 25 градус Цельсий деңгейінде ұстауға, жабдықтарға тұрақты техникалық қызмет көрсетуге және ғимараттардың жылу оқшаулауын жақсартуға кеңес берді.

– Министрлер кабинеті шешіміне сәйкес, ыстық күндері мемлекеттік мекемелер сағат 07:00–13:00 аралығында электр энергиясын тұтынуды кемінде 30 пайызға, ал 13:00-ден кейін жұмыс күніндегі қалыпты деңгеймен салыстырғанда кемінде 70 пайызға қысқартуға міндетті, – деп еске салды Махмуд Махмуди.

Оның айтуынша, белгіленген лимиттен асқан жағдайда энергия тұтынуды шектеудің автоматты жүйесі іске қосылып, ғимараттың электрмен жабдықталуы бірден ажыратылады.

Айта кетейік, бұған дейін Кубада екі апта ішінде үшінші рет жалпыұлттық электр энергиясының жаппай өшуі тіркелген болатын.