Кубада 10 миллионға жуық тұрғын жарықсыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Кубада электр қуаты қайтадан өшіп, шамамен 10 миллион тұрғын жарықсыз қалды. Бұл соңғы бір жарым жылдағы Кариб аралындағы жарықтың алтыншы рет өшуі. Билік бұл дағдарысты АҚШ санкцияларына байланысты мұнай жеткізудің кешіктірілуімен байланыстырады, деп хабарлайды DW.
Куба Энергетика министрлігі ел халқының шамамен жартысын электр қуатынсыз қалдырған ақаудың себептері бойынша тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
Кубаны ескірген мұнаймен жұмыс істейтін электр станциялары арқылы жарықпен қамтамасыз етіледі. Ал Венесуэла бұрын оның негізгі отын жеткізушісі болған. Қаңтар айының басында АҚШ Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстағаннан соң, Дональд Трамп бұл елдің мұнайын Кубаға жеткізуді тоқтатты. Сондай-ақ аралға мұнай сататын немесе жеткізетін елдердің барлық тауарларына баж салығын енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.
Куба билігі үш айдан бері қажетті жанармай алмағанын мәлімдеді. Гавана АҚШ-пен жеткізілімдерді қалыпқа келтіру үшін келіссөздер басталғанын хабарлады.
Еске сала кетейік, елдегі электр қуатының ұзаққа созылған үзілістері экономиканың түрлі салаларына әсер етіп үлгерді. Мектептер мен кәсіпорындар жабылып, ауруханалар энергия ресурстарын үнемдеу үшін жұмыс сағатын қысқартып жатыр. Куба соңғы онжылдықтардағы ең ауыр дағдарыстардың бірін бастан кешіріп отыр.
Ел экономикасы қиын жағдайда тұр: электр қуатының өшуі кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелердің жұмысын тоқтатты. Туризм саласы зардап шегіп, әуе рейстері тоқтатылды. Жақында азық-түлік тапшылығы туындап, әлеуметтік толқуларға тудырады деген қауіп бар.
Куба президенті Мигель Диас-Канель үкіметтің жанармай тапшылығына дайындалып жатқанын мәлімдеді. Ол сондай-ақ Дональд Трамп әкімшілігінің мұнай жеткізілімдерінің қысқаруына әкелген шараларын айыптады.