Тегін жер телімін беруге шектеу әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді - А. Тұртаев
АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Жер кодексіне енгізуге ұсынылған тегін жер телімін беруге шектеу әділеттілік қағидаттарына қайшы келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алмас Тұртаев мәлім етті.
Еске салсақ, бұған дейін Мәжіліске ұсынылған Жер кодексіне енгізілген өзгерістер негізінде Астана мен Алматының және облыс орталықтарында жер жеке меншікке берілмейтіні айтылған еді.
Ал депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы Жер кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке ауылдық жерлерде өзіндік қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егістік телімдерді қоса алғанда) жүргізу үшін - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар жеке тұрғын үй құрылысы үшін - 0,1 (10 сотық) гектар және бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшін - 0,12 гектар жер телімі тегін беріледі. Сонымен қатар, «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы, өзінің тұрақты тұрғын жеріне қарамастан республика аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға құқылы.
«Бүгінгі күнде бұл қалаларда едәуір азаматтарымыз өзінің заңды құқығын пайдаланып, жер телімін тегін алып үлгерді. Ал, мемлекеттен тегін жер алуға тізімде бұрыннан тұрған көптеген азаматтарымыздың құқығымен қатар, заң жобасы қабылданған жағдайда, әділеттілік қағидаттары да бұзылмақшы. Отбасы, оның болашағын осы жермен байланыстырып отырған жанұялар қаншама?! Кең - байтақ даламызды білектің күшімен найзаның ұшымен қорғап, бізге мұра етіп қалдырған кең пейіл, дархан бабаларымыздың ұрпағы біздерге бұндай қадамға бару үйлесімді болмас!», - дейді А. Тұртаев.
Оның айтуынша, бұндай қадамға жүйелі қарап, саралап зерттеп азаматтық институттардың пікірімен санасып бару керек. «Заң жобасы аясында Үкімет тарапынан ұсынылған негізінде Астана мен Алматының және облыс орталықтарында жеке тұрғын үй құрылысына тегін жер бөлуге салынатын шектеуге байланысты норманы қайта қарастыруды сұраймыз»,- деген сауал соңына «Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракция мүшелері қол қойған.