Тегран қаласында Қазақстан мен Иран арасында тұрақты тікелей әуе қатынасының ашылуына байланысты баспасөз мәслихаты өтті
Осы басқосуға Иран Сыртқы істер министрлігі мен мемлекеттік органдарының өкілдері, ирандық «Махан эйр» компаниясының басшылығы, сондай-ақ ирандық және қазақстандық журналистер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметінен сілтеме жасап..
Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Н. Рүстемов өз сөзінде, «Қазақстанның екі туысқан халық арасындағы ортақ мәдени құндылықтарды, тарихи және салт-дәстүр ортақтығын мақтаныш тұтатындығына» тоқталып өтті.
Өткен 18 жылда Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастық екі жақты қарым-қатынаста елеулі табыстарға қол жеткізді. Екі мемлекет президенттері алдағы уақытта өзара тауар айналымы көлемін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді күн тәртібіне қойып отыр
Тараптардың тиімді құрлық, теңіз және әуе қатынасын жолға қоюда, экономикалық салада бірлескен жобаларды іске асыруда үлкен жұмыстар атқарғаны баса айтылды. Оған Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган көлік жобасы, маусымның 19-да ашылуы көзделіп отырған Амирабад айлағындағы бірлескен астық терминалы, сондай-ақ Шымкент қаласында ирандық тауарлардың тұрақты жәрмеңке-көрмесінің өз жұмысын бастауы жатады.
Н. Рүстемов Қазақстан Азаматтық авиация орталығы мен «Махан эйр» компаниясының келіссөздері нәтижесінде үстіміздегі жылғы маусымның 16-да Тегран-Алматы-Тегран бағытында тікелей әуе қатынасын ашуға қол жеткізілді деп мәлімдеді (аптасына үш рет - сәрсенбі, сенбі және жексенбі күндері).
Елші, «осы әуе қатынасының ашылуы екі ел ынтымақтастығына жаңа серпін береді, Астана мен Тегранның саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда екі жақты қарым-қатынасының нығая түсуіне, екі туысқан халық арасында байланыстың артуына себеп болады», деп сенім білдірді.