Технология өзгерді, бірақ мұнайшы еңбегінің өзегі сол қалпында: бір мамандыққа арналған 36 жыл

АТЫРАУ. KAZINFORM Мұнай өндірісінде тәжірибе сөйлейді. Бір ұңғыманың бойында өткен ондаған жыл адамның кәсіби жолын ғана емес, тұтас саланың қалай өзгергенін де көрсетеді.

Нұрлан Сұлтанов
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

Нұрлан Сұлтанов — мұнай өнеркәсібінде 36 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман. Ол сымдық операцияларды қатардағы оператордан бастап, бригадир, супервайзер деңгейіне дейін көтерілді. Бүгінде ұзақ жылғы тәжірибесін Теңіз кен орнындағы өндірістік процестерді тапсырыс беруші тарапынан басқаруға бағыттап отыр.

Нұрлан Сұлтановтың мұнай саласындағы еңбек жолы 1987 жылы басталған. Мәскеу мұнай институтын тәмамдаған жас маман Маңғышлақта үш жыл бойы барлау бұрғылау саласында еңбек етті. Ал 1990 жылы «Теңізмұнай» мұнай және газ өндіру басқармасының ұңғымаларды игеру цехына жұмысқа орналасты.

Нұрлан Сұлтанов
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

Бұл — Теңіз кенішіндегі өндірістің жаңа кезеңге аяқ басқан уақыты еді. Ұңғыма жабдықтарының жаңа түрлері енгізіліп, сол кезде Қазақстан мұнай өнеркәсібі үшін жаңа бағыттардың бірі саналатын сымдық операциялар қолға алына бастаған.

Нұрлан Сұлтанов осы жаңашылдықтың ортасында жүрді. Алғашында сымдық оператор болып жұмыс істеген ол кейін бригада бригадирі, одан соң сымдық операциялар тобының супервайзері атанды.

- Мен осы салаға сымдық оператор болып келдім. Кейін бригадир, одан соң сымдық операциялар тобының супервайзері болдым. 36 жыл ішінде технология да, жұмыс тәсілі де өзгерді, — дейді Нұрлан Сұлтанов.

Қиын кезеңнен — жаңа мүмкіндікке

Мұнайшының еңбек жолындағы ең күрделі кезеңдердің бірі — Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдар. 1990 жылдардың басында өндірістік жабдықтарды жеткізу тізбегі үзілді. Қажетті құрал-жабдықтарды уақытында алу қиындап, жұмысшылардың жалақысы бірнеше ай бойы берілмеген кездер де болды.

 Нұрлан Сұлтанов
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

Сол жылдары өндірістегі әрбір жұмыс қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалануды, жауапкершілікті және төзімділікті талап етті.

Кейін Теңізшевройлдың құрылуымен өндірістегі жағдай біртіндеп өзгере бастады. Жұмыс процестері жүйеленіп, жаңа технологиялар мен басқару тәсілдері енгізілді. Нұрлан Сұлтанов мұны өз көзімен көріп, еңбек жолының басындағы өндіріс пен бүгінгі жұмыстың арасындағы айырмашылықты жақсы біледі.

— Бұрын бір жұмысты орындауға әлдеқайда көп уақыт жұмсайтынбыз. Қазір сол жұмысты екі-үш есе жылдам орындай аламыз. Бұл тек технологияның арқасы емес. Жақсы жоспарлау, процестерді дұрыс басқару, жабдық пен адам ресурсын тиімді пайдалану да үлкен рөл атқарады, — дейді ол.

 Нұрлан Сұлтанов
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

2002 жылы сымдық операциялар Schlumberger компаниясына берілген кезде Нұрлан Сұлтанов ТШО құрамында қалды. Бүгінде ол осы бағыттағы жұмыстарды ТШО тарапынан басқарады.

Жер астындағы процесті түсіну — басты міндет

Мұнайшының жұмысы сырт көзге ұңғыма басындағы операциялармен ғана байланысты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында күрделі инженерлік есеп, үздіксіз бақылау және талдау жатыр.

Нұрлан Сұлтановтың айтуынша, мұнай өндіру кезінде жердің астында көзге көрінбейтін көптеген процесс жүреді. Қабаттағы қысымның өзгеруі, ұңғыманың өнімділігінің төмендеуі, ұңғымалардың техникалық жағдайы — мұның бәрі өндірістің келесі қадамын анықтауға әсер етеді.

Оның жұмысы ұңғымаларды зерттеу, қажетті деректерді жинау және алынған ақпаратты кен орындарын игеруді басқару департаментінің инженерлеріне ұсынуды қамтиды. Ал мамандар осы мәліметтер негізінде өндіріс стратегиясын әзірлеп, болашақ көрсеткіштерді болжайды.

— Еңқиыны — үнемі ойлану және үйрену. Жер астындағы процестерді көзбен көреа лмайсың. Не болып жатқанын, оның не себепті болғанын түсінуің керек. Тәжірибең қанша жерден мол болса да, кейде бұрын кездеспеген жағдайлар болады. Сондықтан мұнайшы үшін оқу ешқашан тоқтамауы керек, — дейді Нұрлан Сұлтанов.

Автоматтандыру мен жаңа цифрлық құралдар жұмысты жеңілдетіп, тиімділікті арттырғанымен, өндірістік шешім қабылдайтын, процесті түсінетін және жауапкершілік алатын мамандарға сұраныс әлі де жоғары.

Мұнайшы әулетінің жалғасы

Нұрлан Сұлтанов үшін мұнай — тек мамандық емес, өмірінің 36 жылын арнаған кәсіби жолы. Отбасында да оның еңбек жолын жалғастырған адам бар. Мұнайшының бір ұлы да осы саланы таңдаған. Оның айтуынша, ауысымдық жұмыстың өзіндік қиындығы бар. Үйден жырақта, бірнеше күн немесе апта бойы өндіріс орнында болу отбасы үшін де оңай емес. Мұндай жағдайда жақындарының түсіністігі мен қолдауы маңызды.

Нұрлан Сұлтановтың отбасы
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

— Ауысымдықжұмыс — тек жұмысшыныңемес, оныңотбасының да жауапкершілігі. Сен өндірісте жүргенде үйдегі барлық шаруаны жарың атқарады. Сондықтан мұнайшының артында оны түсінетін, қолдайтын отбасыболуы өте маңызды, — деп толықтырды мұнайшы.

Салаға қажет нәрсе — сапалы білім

36 жыл ішінде мұнай саласының өзгеруін көрген Нұрлан Сұлтанов жастардың кәсіби дайындығына да алаңдайды. Оның пікірінше, мұнайшы болу үшін тек диплом жеткіліксіз. Нағыз маман теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, бәсекеге қабілетті болуы керек.

Нұрлан Сұлтановтың отбасы
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

Кеңес дәуірінде мұнай мамандығына көбіне Қазақстанның батыс өңірлерінен шыққан жастар ұмтылса, бүгінде еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында мұнай-газ бағытындағы білім беру бағдарламалары бар. Мұндай мүмкіндік артқанымен, білім сапасына қойылатын талап та соған сай болуы қажет.

Нұрлан Сұлтановтың отбасы
Фото: Нұрлан Сұлтановтың жеке архивінен

Нұрлан Сұлтановтың пайымынша, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің келешегі ең алдымен жаңа кен орындарын ашу мен геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуге байланысты. Сонымен бірге өндірілген мұнай мен газды ел ішінде терең өңдеу көлемін арттыру да маңызды.

Бұған дейін Қазақстан мұнай өңдеу көлемін 40 млн тоннаға дейін арттыруды мақсат етіп отырғаны жөнінде жазған едік.