Телефон экранында енді ресми қоңырау шалған ұйым атауы көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Абоненттер енді банк, мемлекеттік орган және қызмет көрсетуші компаниялардан түсетін ресми қоңырауларды бірден ажырата алады. Бұл үшін ұялы телефон экранында қоңырау шалушы ұйымның атауы арнайы белгімен көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.
Оның сөзінше, бұл норма телекоммуникация саласына енгізілген заңнамалық өзгерістер аясында қабылданған және байланыс желілерін қорғау мен телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейтуге бағытталған.
— Абоненттің ресми және алаяқтық қоңырауды ажырата алуы үшін ұялы байланыс желісінде қоңырауларды таңбалау тетігі енгізілді. Соның нәтижесінде банк, қызмет көрсетуші компаниялар және басқа да ұйымдардан түсетін ресми қоңыраулар телефон экранында ұйымның атауымен көрсетіледі. Мәселен, «Банк», «Toyota Center» сияқты белгілер шығып тұрады, — деді Досжан Мұсалиев.
Вице-министрдің айтуынша, бұл жаңашылдық азаматтарға қоңыраудың қай ұйымнан түскенін бірден анықтауға мүмкіндік беріп, алаяқтардың жалған қоңырау шалу қаупін азайтуға ықпал етеді.
Сонымен қатар телекоммуникация саласындағы заңнамалық өзгерістер аясында интернетке қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтерін лицензиялау енгізілді. Сондай-ақ абоненттерге байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан, автоматты қоңырауларынан бас тарту мүмкіндігі беріліп, ақылы байланыс қызметтерін қосу тәртібі де қайта қаралды. Телекоммуникация саласына қатысты қабылданған заң биыл тамыз айының соңында күшіне енеді.
Айта кетейік, аталған норма биыл мамыр айында Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған телекоммуникациялар туралы заң жобасында ұсынылған еді.