Теміржол апаттарын енді Индустрия министрлігі тергейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және ифроқұрылымдық даму министрлігіне қосымша міндеттер жүктелмек. Атап айтқанда, ведомство енді теміржол апаттарын тергеп-тексереді. Бұған дейін министрлік тек мән-жайды анықтау жұмыстарына қатысушы болатын. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміржол апаттарын енді Индустрия министрлігі тергейді

Қаулыда жазылғандай, енді ведомствоға мына функциялар беріледі:

- орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылына 200 мың жолаушыдан аз жолаушылар легімен операциялық шығындарды жабу үшін кірістердің жеткілікті деңгейін қамтамасыз етпейтін коммуналдық меншіктегі әуежайларды субсидиялау тәртібін бекіту;

- автомобильдердің салмағын өлшеу станцияларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- қалалық рельсті көліктегі қауіпсіздік қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- ҚР аумағында жолаушылар пойызына жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуіне алып келген теміржол көлігіндегі оқиғаларды, теміржол көлігіндегі апаттарды, аварияларды тергеп-тексеру;

- теңіз кемелерін куәландыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- азаматтық авиация саласындағы төлемдерді алу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

- монополияға қарсы органмен келісу арқылы инфрақұрылымдық алымдарды есептеу әдістемесін әзірлеу және бекіту;

- пилотсыз авиациялық жүйелер операторларының білімі мен дағдыларын дайындау және бағалау жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту;

Қаулы жобасы 26 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.