Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасындағы үздік 20 футболшының тізіміне енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық «Қайрат» командасының қақпашысы Темірлан Анарбеков UEFA Чемпиондар лигасы Instagram парақшасында жарияланған 2025/2026 маусымы жалпы кезеңінің нәтижесі бойынша үздік 20 футболшының тізіміне енгізілді. 

Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасының үздік 20 футболшысы тізіміне енгізілді
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Темірлан Анарбековтің бұл рейтингіге қосылуы әлемдік футбол үшін басты сенсация ретінде бағаланып отыр. Ол Қазақстан үшін үлкен мақтаныш нысанына айналды. 

Бұл тізімде Килиан Мбаппе («Реал Мадрид»), Эрлинг Холанд («Манчестер Сити»), Гарри Кейн («Бавария») сынды танымал ойыншылар бар. 

Темірлан Атырауда 2003 жылы 14 қарашада дүниеге келген. 2017 жылғы қарашадан бастап ол «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі атанды. 

2020 жылы небәрі 17 жасында Анарбеков Премьер-лигадағы алғашқы ойынын «Таразға» қарсы өткізді. 

2022 жылы ол Бірінші лигада ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасының капитаны болды. Ал 2024 жылғы маусымда астаналық «Жеңісте» жалға ойнап, командамен бірге Лига кубогының финалына дейін жетті. 

Өткен жаз мезгілі қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше есте қалды. UEFA Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Селтикке» қарсы матчта (0:0) ол пенальти сериясында үш соққыны қайтарып, «Қайратты» алғаш рет Еуропаның элиталық кезеңіне алып шықты. 

Айта кетсек, Темірлан Анарбеков – еліміздің атынан Чемпиондар лигасының үздік ойыншысына берілетін MVP атағын жеңіп алған алғашқы футболшы. 

Сондай-ақ UEFA тарапынан қазақстандық қақпашының екі сейві үздік деп бағаланды. 

Айта кетсек, Темірлан Анарбеков «Қайратпен» келісімшарт мерзімін ұзартты. Жаңа келісім 2028 жылдың 30 қарашаға дейін есептелген.

Соңғы жаңалықтар